Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1,5 млн теңгеге дейін айыппұл: Тойға келген адам вирус жұқтырса, той иесі жауапқа тартылады

Қазақстанда вирус жұқтырғандар мен құрбан болғандар саны күн санап артып келеді. Ауру саны артқанымен, жауапкершілік артқан жоқ. Көпшілік көп болып жиналып, той жасауды тоқтатар емес. Билік осы ретте той жасайтындарға жауапкершілікті жүктеді. 

6 шілдеден бастап той жасайтындар, той-жиынға, әр түрлі іс-шаралар жасайтындар жауапқа тартылады. Тойдан тыйылмайтындар айыппұл арқалайды. Бұл туралы Ниет бағдарламасында айтылды. 

Той жасаушыларға тағылатын айып пен жауапкершілік туралы Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық қызметінің маманы, Айнұр Сайлауқызы айтып берді. 

"6 шілдеден бастап заң қатаңдатылады. Мемлекет басшысының бастамасымен той-жиын жасаушылар жауапқа тартылады. Бүгінде індетті көбейіп жатқанына қарамастан, той жасаушылар, қонаққа барушылар мен қонақ шақырушылар саны азаймай тұр. Халықтың бір бөлігі ауруға сенбей жатыр. Алайда ауруға шалыққандар саны күн санап өсуде. Сол той иелеріне 5 АЕК-тен бастап, 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл 13 мен 1 жарым миллион теңгенің аралығы. Егер тойға келген адам вирус жұқтырып, қайтыс болатын болса, той иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұны құзырлы органдар шешеді", -деді Айнұр Сайлауқызы.

Бұл ретте айтыскер Аманжол Әлтаев, әнші Айгүл Иманбаева, журналист Асхат Садырбай көпшілікті барынша үйде отыруға, той жасамауға, тойға бармауға шақырады. 

"Қазақ ұят болады деп тойға барып жатыр. Тойға бармаған емес, керсінше барған ұят болып тұр. Себебі сіз басқаға, не басқа адамнан сізге ауру жұқпауына кім кепіл. Одан сақтанбау ұят. Халық осыны түсінсе екен. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, қаралы хабар тарап жатыр. Танымал емес қанша адам көз жұмды. Сақ болайық", - деді айтыскер. 

Айгүл Иманбаева да тойдан мүлде бас тартып, сақтық танытып отыр. 

"Маған ұсыныс айтып, тойға шақыратындар бар. Бірақ мен бәрінен бас тартамын. Маған қазақтың, өзімнің бас амандығым керек. Сақтық шараларын ұстамасақ, ауру жұқтыруымыз мүмкін. Мұны халық сезініп жатқан жоқ. Жақындарым арасында ауырып жатқандар көп", - дейді Иманбева.

Ал, Асхат Садырбайдың айтуынша, халық адам өлімін көріп, көзі жетпейінше ешнәрсеге сенбейді. 

"Қазір ақпараттық және биологиялық соғыс болып жатыр. Халық жалған ақпаратқа сенгіш. Біреулер саясатқа балап, ауру жоқ десе, соған сенеді. Соның кесірінен ауру өршіп кетті. Жауапкершілік жоқ. Адамдар жақынынан айырылған соң сеніп жатыр. Вирустың бары анық. Үйде емделіп жатқандар қаншама. Ауруханаларда да ешкім қарамайды. Науқас көп. Қатаңдық керек. Халық тәртіпке бағынуы керек", - деді ол.

 

Талқылау