Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1,5 млн теңге: Ақтөбелік отбасы баласының еміне жиналған ақшаны жоғалтып алды

Ақтөбелік отбасы баласының еміне жиналған ақшаны жоғалтып алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

1,5 миллион теңге: Ақтөбелік отбасы баласының еміне жиналған ақшаны жоғалтып алды

Сырым Көбеков есімді Ақтөбе қаласының тұрғыны пойызға билет алуға барамын деп 1,5 миллион ақшасын ұрлатып алған. Көлігін вокзал сыртында небәрі 15-20 минутқа қалдырған ол ұрылар көлігімнен баламның еміне жинап отырған соңғы қаражатымды жымқырды деп өкінді.

Көлігінің есігін құлыптап бірнеше қадам жасаған Сырым Көбеков есігінің қайта ашылып кеткенін көріп, көлігін қайта жапқан. Артынша билет алуға кіріп кетіп, көлігіне қайтып келгенде, ақшасының жоқ екенін байқаған. 

"Билет таба алмаған соң біз баламыздың шұғыл емі туралы анықтаманы кассаға көрсеттік. Сол кезде екі айдан бері билет жоқ екені, көмек көрсете алмайтыны туралы айтты. Көп дегенде 10 минутта қайта шығып, ұшаққа билет алуды жоспарладық. Ақша көлік ішінде болған соң жұбайыма алдыңға жақта орналасқан қораптан алуын сұрадым. Ол ашты, ақшаны таппадым. Бірден полицияға хабар бердім", - деді қала тұрғыны Сырым Көбеков.

Зардап шегушінің ұлы 4 жастағы Санжар Сырымұлы осы айда ем алуға елордаға баруы керек болатын. Ата-анасы Нұр-Сұлтан қаласындағы емге квота алғанымен, оңалту ақылы негізде жүзеге асатын болған. Көлігін сатып, баласының еміне қаржы дайындап қойған ата-ананы ұрылар тақырға отырғызып кетті.

"Төрт баланың анасымын, мұғалім болып жұмыс істеймін. Баламыздан аутизм анықталып, емге бармақ едік. Бірақ қаржымызды ұрлап кетті. Полиция іздеу жұмыстарын тым баяу жүргізіп жатыр", - деді Бақшагүл Ермағамбетова.

Осылайша баласының еміне жинап отырған ақшаларын қолды қылған ата-ана шарасыз күйге түскен. Олар кімге барып  көмек сұрап, шағым айтарын білмей дал болған. 

Талқылау