1,5 миллион доллар қосымша табыс әкеледі: Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы қатынайтын рейстер саны 3 есе өскен
"Қазаэронавигация" РМК Қазақстанның батыс облыстары арқылы қатынайтын рейстер саны 450-ден асқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазаэронавигация" РМК Қазақстанның батыс облыстары арқылы транзиттік рейстердің күрт өсуіне байланысты әуе қозғалысын басқару жүйесінің өткізу қабілетін арттыру бойынша уақтылы шаралар қабылданғанын хабарлайды.
Ағымдағы тәулікте Қазақстанның әуе кеңістігіндегі рейстердің жалпы саны үш еседен астам ұлғайды. Бұл 450-ден астам рейс деген сөз. Әуе кеңістігін басқару жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр және қазіргі жүктемелерді кедергісіз орындауға мүмкіндік бар.
"Қазаэронавигация" РМК диспетчерлік құрамы жұмыс көлемін ұлғайтуға дайын", -деп жазады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық аивация комитетінің баспасөз қызметі.
"Қазаэронавигация" мамандары жүктеменің артуы көрсетілетін қызметтің сапасына кері әсер етпейтініне сенім білдірді. "Барлық рейстерге уақтылы және сапалы қызмет көрсетілетінін мәлімдейміз. Біздің басты міндетіміз –қауіпсіз және үздіксіз әуе қозғалысын қамтамасыз ету", - деп жазылған мәліметте.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, аэронавигациялық қызмет көрсету саласында Ресейге қатысты санкцияларды енгізуде қаржылық шығындар болжанбайды. Еуропадан Қытайға және оңтүстік-шығыс Азиядан оңтүстік бағыт бойынша рейстер санының артуы Қазақстанға айына 1,5 миллион доллар мөлшеріндегі қосымша табыс әкеледі.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
