Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім министрі маска мәселесін ата-аналар өздері шешсін дейді. 15 баланың анасы бұл жағдайды қалай еңсеріп отыр?

Денсаулық сақтау министрі Асхат Аймағамбетов кезекші сыныптарға барып жүрген оқушыларға мемлекет тарапынан тегін маска таратылмайтыны туралы айтқан болатын. Министрдің сөзінше, ата-аналар балаларын маскамен өздері қамтамасыз етуі тиіс. Алайда бұл көпбалалы отбасыларға қиынға соғайын деп тұр. Карантин жағдайында балаларды қарау қаншалықты қиынға түскені, онлайн оқудың кемшіліктері, мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы және өзге де мәселелер жайына 15 баланың анасы Гүлнұр Ахаевадан сұрап көрдік. Көпбалалы ана басқа қандай қиыншылықтарға тап болды? Stan.kz тілшісі дайындаған материалдан оқи аласыздар. 

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Сұлушоқ ауылында тұратын Гүлнұр Ахаева және күйеуі Асхат Нусуповтың 15 баласы бар. Олар өздерінің 7 баласымен қоса  8 баланы балалар үйінен бағып алған. Гүлнұрдың сөзінше, көпбалалы ана болудың ешқандай қиындығы жоқ. Ол балаларына қалай тәрбие беретіні туралы айтып, карантин кезінде өмірлері қаншалықты өзгергеніне тоқталды. 

"Көпбалалы ана болу мен үшін қиын емес. Көпбалалы ана болсам да, еш уақытта жұмысымды қалдырған емеспін. Жұмысымды жасай жүріп, балаларымды тәрбиелеймін. Балалардың барлығына көңіл бөліп үлгеремін. Мен бастауыш сыныптың ұстазымын. Балаларым мектепте де, үйде де көз алдымда. Күнде кешке балалармен сөйлесіп, тәрбие жұмыстарын жүргізіп, әңгімелесіп отырамыз. Барлық нәрсені талқылап, бірқатар мәселелерді шешеміз. Әр баланың өз жұмысы бар. Бір-біріне көмектеіп өсіп келеді", - дейді Гүлнұр Ахаева. 

Айтуынша, карантин уақытында балалардың шығыны көбеймепті. Отбасы қаражат жетпесе де, барынша үнемдеп ұстауға тырысып, балалардың барлығының қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен ата-ана ретінде 15 баламыздың денсаулығына қатты алаңдадық, дейді ол. Сонымен қатар, көпбалалы ана үкімет тарапынан көрсетілетін көмекке де тоқталды. 

"Елімізде карантин енгізілгеннен кейін балалардың шығындары көбейген жоқ. Карантин айтарлықтай әсер етпеді. Балалардың шығындарын толыққанды қамтамасыз етіп отырмыз. Өзімнің алты балама тиесілі ақшасын аламын. Оған қоса, қамқорлығыма алған сегіз балаға үкімет тарапынан беретін ақшасы бар. Оның барлығы жетпейді. Дегенмен жеткізуге тырысып жатамыз. Интернет дүкендерді қолданып, карантин кезінде барынша сақтық шараларын ұстауға тырыстық", - дейді Гүлнұр. 

Қазіргі таңда Гүлнұрдың 10 баласы мектепке барып жүр. Оның сөзінше, қазір мектепте санитарлық талаптардың барлығы сақталған. 

"Шағын ауыл болғандықтан, біз мектепте екі ауысыммен оқып жатырмыз. Түске дейін бастауышта оқитын балаларым, түстен кейін жоғарғы сыныпта оқитын балаларым мектепке барады. Мектепте барлық сақтық шаралары сақталған. Медбике оқушылардың дене қызуын тексеріп отырады. Антисептиктер де қойылған. Әр сабақ уақытында сыныптар тазаланып жатыр", - деп түсіндірді Гүлнұр Ахаева.  



Төртінші тоқсанда балалары қашықтан оқығанын алдыға тартқан Гүлнұр Ахаева онлайн білім беруге қарсы екенін айтады. Өйткені барлық балаға қарап үлгеру мүмкін емес екен. Оның үстіне, ауылдарында интернет те дұрыс ұстамағандықтан, балалар біраз қиналған көрінеді. Десек те отбасы бір-біріне көмектесіп, бір тоқсанды бітіріпті. Ал қазір барлығы мектепке қайта оралған.

"Мен де көпбалалы ана ретінде қашықтан оқуға қарсымын. Бірақ баламыздың денсаулығы бәрінен маңызды. Оны біз бірінші орынға қою керекпіз. Мектепте оқыған әлдеқайда жақсы. Мұғалімнің алдынан білім алып келеді. Баланың денсаулығын ойласақ, әрине, жібергің келмейді. Бірақ қазір жағдай тұрақтанды. 4-тоқсанды біз қашықтан оқыдық. Тек қана Whatsapp желісін қолдандық. Өйткені бізде интернет өте әлсіз. Шалғай ауылда тұратындықтан ешқандай платформалар ашылмайды. Сондықтан біз кіре алмаймыз, көре алмаймыз. Бірақ осы тоқсанда мектепке қайта оралдық. Қашықтан оқу кезінде бізде қиындықтар болды. Сабақ оқу барысында барлық баланы қадағалап отыру керек. Бірінші "Балапан" арнасынан көріп аламыз, одан кейін мұғалім тапсырма жібереді. Артынша балалардың әрқайсымен отырып тапсырмаларды орындаймыз. Балаларыммен бірге оқыдым. Мұғалім ретінде де, ата-ана ретінде де қатты қиналдым", - дейді көпбалалы ана. 

Ауандық кәсіподақ отбасыға компьютердің жарты ақшасын берген. Оған қоса, облыстық имам да арнайы техниканы сыйға тартқан көрінеді. 

"Көпбалалы ана болғадықтан, Аудандық кәсіподақ компьютердің жарты ақшасын берді. Біз өзіміз үстіне ақша қосып, балаларыма ноутбук сатып алдым. Бұл да біз үшін көмек болды. Мұнымен қатар, облыстық мешіттің имамы келіп, балаларды тәттілермен қуантып, тағы бір ноутбукты сыйға тартып кетті", - деп алғысын білдірді.

Бастапқыда мектеп ұжымы тарапынан балалардың әрқайсына 2 маскадан таратылған. Гүлнұр Ахаева әр балаға маска сатып алуға қалтамыз көтермейді дейді. Сол үшін көпбалалы ана үйден маска тігіп, балаларын қамтамасыз етіп отыр. Мәселені шешудің жолын тапқанын айтады ол.

"Мектеп бастапқыда әрбір оқушыға көп реттік екі маска берді. Оны жуып, қайтадан үтіктеп қолдануға болады. Оқушыларың барлығына таратылды. Әрине, маска мәселесінде қиыншылықтар болады. 15 баланың анасы болғандықтан, олардың барлығына маска қажет. Бірақ біз маска мәселесі қиын деп отырмай, карантин басталғанда қолдан маска тіктік. Тіпті көршілеріме де балаларыммен бірге маска тігіп жатырмыз. Өйткені бір реттік маска шыны керек шақ келмейді. Күніне бірнеше рет ауыстыра алмаймыз. Сондықтан, қолдан тігіп алу бізге қолайлы. Ақ дәкені бірнеше қабаттап, маска тігіп жатырмыз. Бір маска 350-390 теңге шамасында сатылған кездер де болды. Біздің жанұямыздың қалтасы көтермейді. Өйткені отбасымызда адам көп. Сондықтан, мата сатып алып, бірнеше қабаттап, әр балаға 5-6 маска тігіп бердім. Үтіктеп, жуып, қолданып жүрміз", - дейді Гүлнұр Ахаева. 

Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке қарамай-ақ, өз бетімізше қиындықтан шығудың жолын іздеп, балаларға барынша тәрбие, білім береміз деген ана жағдайына шағымданбайтынын алға тартады. 

Сұхбаттасқан Дана Русланқызы

Талқылау