143 миллион бөлінген: Жетісу облысында көпбалалы отбасыларға екі жыл бұрын ғана берілген үйлерді қайта жөндеу үшін конкурс жарияланды
Мемлекеттік сатып алулар сайтында Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының 50 ауылына жөндеу жүргізу бойынша конкурс жарияланыпты. Жөндеуге 143 миллион 787 мың теңге бөлінген. Stan.kz тілшісі бұл жөндеу кімдердің үйіне жүргізілетінін және конкурс не үшін жарияланғанын сұрап білді.
Фото: Pixabay.com
Тапсырыс беруші – Кербұлақ аудандық жолаушылар транспорты, автомобиль жолы және тұрғын-үй инспекциясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Бөлім басшысы Ербол Қасенов тілшімізге үйлердің не үшін қайтадан жөндеуден өткізіліп жатқанын түсіндіріп берді.
2022 жылы Сарыөзекте көпбалалы отбасыларға 50 баспанаға берілген. Алайда бірнеше уақыттан кейін тұрғындар үйдің сапасына шағымданған. Өйткені үй берілген жылы-ақ төбеден су кетіп, терезелеріне мұз қатқан. Осы жайттан соң тексеріс тағайындалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, облыстық әкімнің орынбасары келеді. Тексеріс барысында бірнеше ақаулар анықталып, үйді салған “ПМК С” компаниясын сотқа береді.
“Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Экономикалық тергеу департаменті тергеп жатыр. Үйді салған және қабылдап алғандар тергеуде. Осыдан соң көпбалалы аналар Жетісу облысының әкіміне барып, шағымдарын жеткізген. Олар қыс кезінде өмір сүру мүмкін емес екенін айтып, үй салқын деді, тез арада ақауды шешуді талап етті”, – деді Кербұлақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Қасенов.
Қасеновтың сөзінше, олар конкурс жарияламай, үйді салған компанияға жөндеу жасатқызбақ болған. Алайда қылмыстық іс созылып кетті дейді.
“Мамырда жөндеу басталады деп ойладық, бірақ іс созылды. Маусым, шілде күттік, енді тамыз болды. Әрі қарай күте алмаймыз. Себебі алда қыс жақындап келеді”, – деді ол.
Айтуынша, үй салған “ПМК С” компаниясы ақауларды жоюға уәде берген. Бірақ ол кезде де жөндеуді ат-үсті жасап, немқұрайлылық танытқан көрінеді.
“Бір үйдің жөндеуін жасаймыз деп, бір жерді қазады, оны тастап кетеді. Сот барысында “бір нәрсе істеп жатырмыз” деп ақталу үшін ғана кірісті”, – деді Қасенов.