"14 миллион теңге жұмсалған": Алматы метросында вагон арасына уақытша қойылған қоршаулар желіде талқыға түсті
Әлеуметтік желіде Алматыдағы "Жібек жолы" метросында қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында темір қоршаулар уақытша қойылғаны туралы видео тарады. Алайда бұл қоршаулар қолданушылардың қызу талқысына түсіп, ашуландырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін Алматы метросының 11 станциясына қоршауларды орнату жоспарланған. Видео авторы уақытша қоршауларды орнатуға 14 миллион теңге жұмсалғанын жазған. Айта кетейік, бұған дейін мұндай қоршауларды станцияларға қою басталғаны туралы хабарланған еді.
Қоршаулар пойыз тоқтаған кезде вагондар арасында пайда болатын саңылаулардың орнына қойылған. Алайда оқырмандар қоршаулардың қауіпсіздік деңгейі сын көтермейтінін айтты.
"Әдеттегідей, өлгеннен кейін орнатылды", "Кішкентай бала құласа, бәрібір, иә?!", "Адам өмірден өтті, өте өкінішті. Менің ойымша, ерекше қажеттігі бар адамдарды міндетті түрде ертіп жүру керек. Халық кейде турникеттердің жанында топтасып тұрады", "Бағасы бір данасына миллиард теңге шығар", "Барлық уақытша нәрсе түбінде тұрақтыға айналады", – деп жазды желі қолданушылары.
Еске салайық, бұған дейін алматылық қыз 26 жастағы жігіттің метрода пойыз астына қалай құлап кеткенін айтып берді. Оқиға куәгері Әсияның айтуынша, жолаушылар оны құтқаруға тырысты, бірақ жігіттің алған жарақаттары ауыр болды. Жігіттің беті көгеріп, ісініп кеткен, мүмкін пойыздың астында қалған немесе рельстерге құлаған. Әсия адамдардың бұл жағдайға немқұрайлы қарағанын, халықтың көптігінен айғай-шу болғанын атап өтті. Мұның алдында көзі нашар көретін жігіт рельске құлап, қайтыс болғанын жаздық. Полиция мен жедел жәрдем келгенімен, азаматты құтқару мүмкін болмады. Бұған қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп, "Абай" станциясы уақытша жабылды.