Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"13 шекарашы берілмей қорғаған": Ресей Украинаның аралын қалай басып алды

Ресей Украинаға басып кірген ең бірінші күні трагедияға толы оқиға орын алды. Олар Қара теңіздегі Змеиный аралындағы шекара бекетін басып алды. Ресей әскери кемесінің аралға зымыранды-артиллериялы соққысы салдарынан 13 украин шекарашысы қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ресей Қорғаныс министрлігі аралды басып алынғанын және гарнизонда болған 82 украин әскері "Ресей қарулы күштерінің бөлімшесіне өз еркімен берілгенін" мәлімдеді. Бұл ретте Мәскеу аралға соққы жасалғаны және қаза тапқандар туралы мәліметті жарияламады.

Гарнизонда барлығы қанша адам болғаны және қазір аралда не болып жатқаны туралы нақты деректер жоқ.

Ал Украинаның Мемлекеттік шекара қызметі Змеиный аралымен байланыс үзілгенін, аралды ресейлік күштер басып алған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Украинаның Шекара қызметі интернетте жарияланған келіссөздердің аудиожазбасына сүйенсек, ресейлік кеменің экипажы шекарашыларға берілуді ұсынған.

“Змеиный аралы! Мен Ресейдің әскери кемесімін. Қан төгілмес үшін қару-жарақты тастап, берілуді ұсынамын. Әйтпесе соққы жасалады”, – делінген аудиожазбада.

Көптеген БАҚ, сондай-ақ Украинаның Ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың мәліметінше, шекарашылар: "Ресей кемесі, жөніңмен кет"  – деп жауап берді. 

Украинаның мемлекеттік шекара қызметінің мәліметінше, осы жағдайдан кейін аралға жаппай соққы берілген.

"Аумақты "Москва" крейсерінің артиллериясы мен "Василий Быков" патрульдік кемесі атқылады. Осыдан кейін ресейлік Су-24 әуе шабуылын жасады. Қазір аралда бұзылмаған бірде-бір ғимарат қалмады", – делінген хабарламада.

Украина президенті Владимир Зеленский арал қорғаушылары өліспей беріспегенін атап өтті. 

 "Олардың барлығына Украина Батыры атағы беріледі", – деді Зеленский.

Ал Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Змеиный аралындағы гарнизонда 82 украин әскері тізе бүккен. Олардан соғыс қимылдарына қатысудан бас тарту туралы қолхат алынған, әскерилер жақын арада отбасыларына қайтарылады.

Алайда бұл ақпаратты растау әзірге мүмкін емес. Себебі, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенковтың мәлімдемесінен басқа ешбір хабар немесе дәлел жоқ.

Айта кетейік, Қара теңіздегі Змеиный аралы Украинаның Одесса облысында орналасқан, бірақ Румынияның Сулина қаласы мен Украинаның Вилково қаласынан шамамен тең қашықтықта орналасқан. Бұл аймақ мұнай мен газдың бай қорымен де танымал.

Оның өлшемі ұзындығы мен ені бойынша небәрі 615 және 560 метрді құрайды.

Аралдағы жалғыз елді мекен – Белое ауылы, онда гарнизонның әскери қызметшілері тұрады. Онда қоғамдық орындардан тек пошта және банк бөлімшелері, сондай-ақ шағын мұражай бар.

Талқылау