Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір вагонға 128 миллиард теңге: ҚТЖ-ның еншілес компаниясы швейцариялық вагондарды тиімсіз бағамен сатып алды

Қазақстан темір жолы

Фото: ҚТЖ

Қазақстан темір жолының еншілес ұйымы — “Жолаушы тасымалы” компаниясы жолаушылар вагондарын жеткізу бойынша қаржылық тұрғыдан тиімсіз келісімшарттар жасасқан.  Компания Астанадағы швейцариялық Stadler Rail зауытына 537 вагонға тапсырыс берген. Алайда олардың құны бәсекелестер ұсынған бағадан әлдеқайда жоғары болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жоғарғы аудиторлық палата 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебінде ҚТЖ-ның еншілес компаниясы жасаған келісімшарттардың әрдайым экономикалық тұрғыдан тиімсіз атап өтті. 2022 жылы халықаралық конкурс нәтижесінде Астанадағы жолаушылар вагондарын құрастыратын зауытпен (бұрынғы “Тұлпар-Тальго” зауыты) келісімшарт жасалған. Бұл зауыт — швейцариялық Stadler Rail тобына кіретін Stadler Kazakhstan компаниясына тиесілі. Жалпы саны 537 вагон 689,8 млрд теңгеге сатып алынған. Бұл бір вагон үшін шамамен 1,28 млрд теңге деген сөз.

“Егер вагондарды құрастыру швейцариялық топқа кіретін қазақстандық кәсіпорынға емес, Ресейдің “Тверь вагон жасау зауытына” тапсырылғанда, мемлекет 179 млрд теңге үнемдеп, бұл қаржыға қосымша тағы 319 вагон сатып алуға болар еді”, – делінген Жоғарғы аудиторлық палата есебінде.

Өзбекстанда өндірілетін вагондарды да арзанға сатып алуға болады. Өзбекстандық өндірушілердің бағасы Қазақстан мен Ресейдегілерге қарағанда әлдеқайда төмен. Мысалы, ҚТЖ-ның еншілес компаниясы 2023 жылы жасаған келісімшарттар бойынша бір вагонның құны 704,7 млн теңгеден 960,5 млн теңгеге дейін болған. Ал осыған ұқсас вагондар Өзбекстанда небары 179,3–252 млн теңге тұрады. Бұл шамамен 3,9 есе арзан.

“Stadler кәсіпорнындағы қазақстандық құрастырумен жасалған бір вагонның құны өзбекстандық вагондардан 5 есе қымбат”, – деп мәлімдеді Аудиторлық палата.

“Жолаушы тасымалы”компаниясы соңғы үш жыл бойы шығынға батып келген. 2023 жылы компанияның жалпы шығыны 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге – 7,7 млрд теңгеге артқан. Компания әлі де мемлекеттің ауқымды субсидиясына тәуелді, алайда бұл қаржыландыру барлық шығынды өтеуге жеткіліксіз.

Жоғарғы аудиторлық палата теміржол тасымалдарының тиімді жұмыс істеуі көбінесе бәсекелестік арқылы қамтамасыз етілетінін көрсеткен халықаралық тәжірибеге де назар аударды.

Бұған дейін ҚТЖ швейцариялық Stadler компаниясының Астанадағы зауытында шығарылған алғашқы 51 вагон 2025 жылдың соңына дейін жеткізілетінін хабарлаған еді. Жалпы, 2030 жылға дейін Stadler-ден 557 вагон сатып алу жоспарланған.

Еске салайық, 2024 жылы “ЗИКСТО” мен “Қазақстандық вагон жасау компаниясы” 3,3 мың вагон өндіруге тапсырыс алды. Бұл вагондарды сатып алу үшін “Бәйтерек” ұлттық холдингі облигациялар шығарып, оларды Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты есебінен 173 млрд теңгеге сатып алды. Яғни, зейнетақы қаражаты отандық жеткізушілерден вагон сатып алуға бағытталған.

Айым Болатқызы
Жұма, 01 Тамыз, 2025 16:45
Талқылау
`