12 жылдан бері іздеуде жүрген қазақстандық құрылыс компаниясының бұрынғы басшысы Мәскеуде ұсталды
Мәскеуде қазақстандық құрылыс компаниясының бұрынғы басшысы Болат Алтынбеков ұсталды. Ол 12 жылдан астам уақыт іздеуде жүрген. Ол бұл уақыт аралығында тегін өзгертіп те үлгерген. Қазақстанда оған жемқорлыққа байланысты айып тағылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Алтынбековті ұстау үшін Ресейдің құқық қорғау органдарын, Интерпол, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін жұмылдыруға тура келген.
Болат Алтынбеков халықаралық құрылыс компаниясын басқарған, ал 2010 жылы оған іздеу жарияланды. Полициядан жасырыну үшін ол тегін Алшер деп өзгерткен.
"Қашып жүрген адам бір жерде көзге түсіп қалса, бірден ұсталады. Егер көзге түспей, асықпай әрекет етсе, таба алмайды. Мінекей, 12 жыл іздеуде жүріп, бір жерде қателік жіберді де қолға түсті. Қазір барлық нәрсе жетілдіріліп жатыр, мәліметтер базасы біріктірілді. Бәлкім, бұрын автоматты режимде байқалмаған шығар, қазір база жаңартылған соң ұсталды", – деді заңгер Сергей Уткин.
Шетелде қашып жүрген қазақстандықтардың ішінде ең танымалы – Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязов. Алайда бізде барлық елмен экстрадициялау туралы келісім жасалмаған. Дегенмен осындай келісімшарттың арқасында 2013 жылы Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева Ресейден экстрадицияланды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол 5 миллион долларды жымқыру процесін басқарған. Қаржы 2009 жылы халық санағына бөлінген.
"Түркия секілді Италиямен де екіжақты келісім бар. Менің тәжірибемде клиенттерді БАӘ елге қайтарған. Қытаймен де келісімшарт бар", – деді заңгер Таир Назханов.
Интерполдың халықаралық базасында "қызыл карталар" – Red notice бар. Шетелге қашып кеткен қылмыскерлерге дәл осы карталар беріледі. Қазір Алтынбеков Мәскеуде қамауда отыр. Алдағы уақытта Бас прокуратура арқылы экстрадициялау туралы өтініш келіп түседі деп күтіледі.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
