Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

12 млн қайда кетті: Дәрігер Жәнелдің отасының тегін жасалғанын мәлімдеді

Алматы қаласында тек қайырымдылықпен айналысатын 258 қор бар. Оның ішінде 3-4-еуі азаматтарға қол ұшын созады. Солардың бірі – “Қайырымды жандар” тобы. Алайда аталған топ өздерінің алданып қалғанын жария етіп жатыр. Айтуларынша, Жәнелдің анасы 12 млн теңгені отаға жұмсамай, онымен өз керегін өтемек болған.

cyfvu

Бұл туралы “Айтуға оңай” бағдарламасында айтылды.

Ақмарал Жақсылықова осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желілерде “Қайырымды жандар” атты еріктілер тобынан көмек сұраған. Ол қызы Жәнелдің екі бүйрегіне ота жасату үшін қомақты қаражат керек екендігін айтады. Қайырымды жандар Жәнелдің жағдайын ести сала, бірден көмек беруге кіріседі. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратып, халықты көмекке шақырады.

Олар жиналған 12 млн теңгені Жәнелдің анасына тапсырады. Алайда, кейіннен балаға ешқандай бүйрек сатып алынбағаны белгілі болды. Оған өзінің туыс ағасы Бақтияр Жылқыбаев бір бүйрегін беріп, елімізде тегін ота жасалған. Ақмарал Жақсылықова бұл жайтты көпшіліктен жасырған. Шындықты білген соң “Қайрымды жандар” еріктілер тобы одан есеп беруін сұрап, сотқа арыз береді.

“70 күннің ішінде 12 млн теңге жинадық. Шамамыз келгенше адамдарға көмектестік. Жәнел туралы ақпарат бізге дейін көше жарнамалары арқылы, телеарналар арқылы таратылды. Осы аралықта Жәнелдің сыныбында оқитын бір баланың ата-анасы біздің топтың бір мүшесін танитын болып шықты. Сол арқылы бізге шықты. Жәнелдің жағдайын білдік. Анасы телефон арқылы көз жасын төгіп, оқиғаны айтып берді. Біз көмектессек деген ниетпен 200-300 мың теңге жинап берсек деп ойладық. Небәрі бір аптаның ішінде біз бұл сомадан да көп жинадық. Осы студияда отырып қолымызда 600 мың теңге бар екенін айтқан болатынбыз. Кейін 70 күннің ішінде көп түкірсе көл деп 12 млн теңге жиналды.

Бізде Қазақстанда отаның тегін жасалатынын білеміз. Жәнелдің анасы әзірге Қазақстанда донордың табылмай жатқанын және ол донордың қайтыс болған кісілердің бір мүшесін салуға кезекте тұрғанын айтты. Бірақ ол кезектің қашан келетіні белгісіз. Сол себепті ол кісі құны 30 мың еуро тұратын отаны Израильде жасатпақ болды. “Израильге барсақ, 30 мың еуроға донордың бүйрегі, отаның құны кіреді екен. Сөйтіп менің қызымның өмірін аман сақтап қалуға болады” деді. Біз басында ақшаны сол үшін жинадық.

Ақшаның жартысынан көбін жинап қойған соң, Жәнелдің анасы шетелде бағаның өте қымбат екенін айтты. Бірақ іштей біз сол ақшаны Жәнелге аударуымыз керектігін сездік. Жәнелдің анасына белгілі бір талаптар қойдық. Ол кісі шамамен 12 миллионның қажет болатынын айтты. Сұрауы халықтан болатындықтан, Ақмарал ханыммен екі жақты келісім шарт жасастық. Ол жерде қаражатты толықтай аударатынымыз және сол қаражаттың толықтай отаға жұмсалатыны, артылған ақшаны бізге қайтарып, ол ақшаны басқа көмекке мұқтаж бүлдіршіндерге аударатындығымыз туралы жазылған. Анасы осы уақытқа дейін донор туралы ақпаратты құпия ұстады. Отандық порталдардың бірі арқылы донордың күйеуінің туған інісі болып шыққанын түсіндік. Ол жігіттің ішкі жанайқайын естідік. Әлгі жігіт Жәнелге бүйрегін ағалық махаббатымен берген екен. Кейін есеп алатын уақытымыз жақындап қалды. Ақмарал ханымға хабарласып, ол кісіден ауызша есеп сұрадық. Ауызша есебі бойынша мүлдем басқа ақпараттар айтып, донор болған жігітті алаяқтың ар жақ, бер жағына апарып тастады. Айтуынша, қайнысы үлкен сома талап еткен”, – дейді топ басшысы Мәулен Алғазы.

15877374_141185279712203_634829959151484928_n

Жәнелдің анасы жұмсалғаны соманың есебін келесідегідей көрсеткен. 216 340 теңге – клиникалық және лабороториялық тексерулерге; 900 мың теңге донордың Алматыда жүріп-тұруына, ішкен тамағы, киген киіміне; 500 мың теңге Жәнелдің бір бүйрегін ауыстыру үшін; 300 мың теңге Жәнелдің отадан кейін өмірге қайта бейімделуіне; 186 мың теңге – донордың кішігірім қарыздарын жабуға жұмсалған. Яғни 2 001 340 теңге осы уақытқа дейін жұмсалған. 9 897 660 – бұл ақшаға екінші бүйректі ауыстырмақ.

Алайда Сызғанов ауруханасының мамандары бұл отаның толықтай тегін жасалғанын айтып қалды. Мұнымен қатар, алдын ала анализдердің де тегін өтілгенін мәлімдеді.

“Біздің орталықта бұл ота толық тегін жасалды. Жәнел бізге өткен жылдың қараша айында түсті. Тегін медициналық көмектің кепілденген мөлшері бар. Сол мөлшерге сәйкес ауыр жағдайда келіп түсті. Портал бойынша квотамен толық отаға дайындалды. Диагностикалық тәсілдер қолданылды. Ота жасалғаннан кейін екі апта бойы ауруханада жатты. Жалпы 25 күннің ішінде бүйрегі ауыстырылып, емді толық қабылдады. Қазақстанда трансплантациялық оталардың барлығы тегін”, – дейді Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығының дәрігері Ұлықбек Медеубеков.

Жәнелдің анасы аталған хабарға шақырылған. Бірақ ол кісі уақытының жоқтығын айтып бас тартқан. Заңгерлер де бас тартқан. Десе де, Ақмарал ханымға “Айтуға оңай” бағдарламасының журналистері телефон арқылы хабарласқан.

Бізге ота жасалды. Мәулендерге есепті жібердік. Сол есеп бойынша барлығын өздері көріп отыр. Шынымды айтсам, артық өсек әңгімелерге менің уақытым жоқ. Волонтерлерге отчет бердім. Оларға енді не керек екен? Менің қызыма екінші ота жасалып жатыр. Қазір мен ауруханадамын”, – дейді Ақмарал ханым.

Мәулен Алғазының айтуынша, Жәнелдің анасы осы уақытқа дейін оларға дөрекі жауап берген. Бастапқыда бар кінәні қайнысына жаппақ болған екен. Әзірге бұл істі сот қарап жатыр. Оның немен аяқталатыны белгісіз.

“Картоп саттық, алма саттық. Көптеген жәрмеңкелер өткіздік. Қайырымдылық концерттерін өткіздік. Топ мүшелері күннің ыстық-суығына қарамай жұмыс істеді. Ақтау қайырымды жандары көшеде сайық-мазақ болып суретке түсті. Шымкент қайырымды жандары қақаған күзде тосап сатқан болатын. Қаражат жинауға қандай мүмкіндіктер болса, солардың барлығын қарастыруға тырыстық. Халықтың бізге сенімсіздік танытқан кездері де болды. “Сендер өздеріңнің саудаларыңды жүргізу үшін ойлап тапқан айлаларыңның бірі. Қане сендердің дәлелдерің?” деп дөрекі сөздер айтты. Біз әртүрлі желідегі ақпараттарды көрсетсек те, бізге сенімсіздік танытты. Бірақ осыларға қарамастан біздің қыз-жігіттеріміз одан әрі жұмыстарын жалғастырды. Нәтижесінде осы қаражат толықтай жиналды”, – дейді Торғын Асан.

Естеріңізде болса, желтоқсанның 7-сі күні Жәнелдің отасының сәтті өткенін хабарлаған болатынбыз. Осының дәлелі ретінде ол жұртқа видео сәлемдеме жолдап, алғыс айтты.


Жіберіп алмаңыз:

Қазақстандық суретші 20 жылдан бері қыста жалаңаяқ жүріп жұртты таңғалдырды

Өгей ана туғаныңдай бола ма?

Мүгедек қария саусақтарының орнына сым байлап күй тартты (фото)

Жүрегі оң жағында орналасқан қазақ қызы сөздерді керісінше оқиды

Талқылау