Алматыда 11 жасар баланы асқан қатыгездікпен өлтірген күдіктілер 10, 20, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір күдікке іліккен 5 адам қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеуді Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің тәжірибелі қызметкерлері жүргізуде. Ол аяқталған соң, іс сотқа жолданады.
«Сол қылмысқа тартылып отырған азаматтардың жауаптарына сәйкес бұл жігіттер оның алдында да келген екен және өздерінің қылмыстық ойын жаңағы Ақбердиеваның жолдасының анасын өлтірмекші оймен келген. Осы қылмысты аяғына жеткізу мақсатында аңду жүргізген бірақ олар аталған қылмыстарды аяғына дейін жеткізе алмаған. Сондықтан кейін Шымкент қаласына қайта оралған. Бұл кісілер Шымкент қаласында тұрып жатыр екен. 18-17 қаңтарда қайып келіп мынау кішкентай балаға қылмыстық ойларын ақырына дейін жеткізіп отыр», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры Мадияр Басшыбаев.
Бұған дейін 11 жасар баланың көршілері үнемі ұрыс-керіс болатынын айтып шағымданған еді.
Бұған дейін полиция өгей шешенің өш алу үшін баланы ұрлап әкетіп өлтіргенін хабарлаған еді. Әйел қанды іске тіпті өзінің туған балаларын да араластырған. Еске сала кетсек, 11 жастағы 6 сынып оқушысы 19 қаңтар күні жоғалып кетеді. Баланың жоғалғаны туралы оның әжесі сол күні кешке полицияға шағым түсірген.
22 қаңтарға қараған түні Өркен Азаматұлының денесі Наурызбай ауданындағы саяжайлардың біріндегі жерасты ғимаратынан табылған.