Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда балалар және футбол алаңын салған кәсіпкерге 11 миллиард айыппұл салынды

Ойын алаңы
Видеодан скрин

Алматыда тұрғындарға балалар және футбол алаңын салып берген компанияға сот 11 миллиард теңге айыппұл салған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оған қоса алаңды бұзуды талап етуде. Аудан әкімдігі жүзеге асыра алмаған дүниені жоюға жұртшылық қарсы. Сол күйінде қалдыруды талап етуде.

Тұрғындардың айтуы бойынша бұл жер ойпаң болғандықтан, қоқыс алаңына айналып кетіпті. Әкімдікке талай барып өтініш білдіргенімен ешкім құлақ аспаған. Сондықтан жұртшылық іргелес орналасқан зауыттан көмек сұраған.

“Барлығы қоқыс, қорқынышты болатын. Әкімдікке талай өтініш жасадық. Бала көп, ойнайтын жер жоқ еді. Амал болмаған соң, зауытқа барып өтініш жасадық. Жағдайымыздың барлығын жасап берді. Қазір барлығы керемет болып тұр. Алаңды бұзбаса екен дейміз”, – дейді тұрғын Сағадат Өсенова.

Металл өңдеу зауыты балалар ойын алаңынан бөлек, өзен арнасына серуендейтін жерде жасап берген. Оған қоса Кіші Алматы өзенінің іргесін де беріктендіріпті. Зауыттан шыққан қалдықтың қоршаған ортаға зияны жоқ дейді мамандар. 

“Біз жағалауды зауыттан шыққан таспен беріктендірдік. Бұл өндірістен шыққан иннертті материал. Оған зауыттың барлық рұқсат ететін құжаттары бар. Ол қауіпті емес, қоршаған ортаға зияны жоқ. Бұл шақпа тасты жол салуға, ауыл шаруашылығында қолданады”, – дейді зауыттың заңгері Марина Маселнникова.

Алайда экология департаменті бұл заңға қайшы деп отыр. Сондықтан барлық қиыршық тастарды қазып алып тастауды талап еткен. Балалар алаңы да бұзылуы тиіс.

Табиғатқа орасан залал келтірді деп қылмыстық іс те қозғалған. Бірақ полиция қылмыстық құрамның болмауына байланысты істі қысқартқан. Соңында әкімшілік сот арқылы осындай екі зауыттың құнына тең келетін айыппұл салдырыпты.

“Біз әкімшілік сотқа жүгініп, сот іс қозғап, 11 млрд теңгеден астам айыппұл салу шешімін шығарды”, – дейді Алматы қаласы экология департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ерлан Жақиянов.

Алайда зауыт шешімге шағым түсіріп, айыппұлды 800 млн теңгеге дейін төмендеттіріпті. Оған келіспеген табиғат қорғаушылар жоғарғы сотқа жүгінген.

Еске салсақ, осыған дейін әлеуметтік желіде елордалықтар аула ішінде, балалар алаңының жанында көлік жуу орнының салынып жатқанына наразылық білдірді.

 


 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 19:16
Талқылау