Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне жоқ дегенде 150-200 қоңырау қабылдаймын": 102 операторлары бір күндік жұмысын таныстырды

Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыда күнделікті оқыс оқиғалар көп болады. "102" тұтқасына тыным жоқ. Алматылықтар мен қала қонақтары қылмыс туралы хабарлау қиынға соғатынын айтып шағымданатыны жасырын емес. Дегенмен, тұтқаның ар жағында отырған операторлар жұмысы туралы білесіз бе? Stan.kz тілшісі 102 операторларымен тілдесіп, кімдер желіні босатпайтынын және Алматы полиция департаментінің жедел басқару орталығының (ЖБО) жұмысы қалай ұйымдастырылатынының егжей-тегжейін сұрап білді. 

Полиция аға-сержанты, ЖБО-ның 102 операторы Маржан Ерікқызы бұл қызметке келгеніне 4 жылдан асқан. Оның айтуынша, 102 операторларының жұмысы жұрт ойлағандай оңай емес. Күніне сан түрлі оқиғамен хабарласатын жүз шақты адамның тілін тауып сөйлесудің өзі үлкен төзімділікті қажет етеді.   

“Жұмыс күніміз таңғы сағат 8-де басталып, келесі күннің дәл сол уақытына дейін жалғасады. Тәуліктік жұмыс. Таңда жиналыс өткізіліп, сол күннің күнтізбесін бастығымыз айтады, содан кейін жұмысымызға кірісеміз. Бір тәулік істеп, үш күн демаламыз. 

Арызданушылардан келіп түсетін ең көп қоңырау – жол-көлік оқиғалары туралы. Қылмыстық істерден  ұрлыққа байланысты қоңыраулар жиі түседі. Әсіресе түс ауған шақта көлік кептелісі кезінде, автобустарда затым ұрланды деген хабарламалар көбейеді. Отбасылық жанжалдарға байланысты көмек сұрап қоңырау шалатындар да көп.

Күніне жоқ дегенде 150-200 қоңырау қабылдаймын. Бұл ең азы. Бір күнде бөлімдегі 14 оператор 2000-нан аса қоңырау қабылдайды. Қоңырау шалғаннан кейін оқиға орнын, қанша уақыт өткенін, күдіктілер бар ма сұраймыз. Егер бар болса, күдіктінің келбетін, киген киімін суреттеуді өтінеміз. Әр оқиға мен қылмысқа қатысты сұрақтар бар. Жәбірленуші айтқан ақпараттарды электронды картаға толтырып ГУС-ке жібереміз. Ал олар оқиға орнына полиция қызметкерлерін жібереді. 

Бір өкініштісі, себепсіз қоңырау шалып, үндемей тұратындар, ерігіп сөйлескісі келетіндер мен жұмысқа қатысы жоқ нәрселерді сұрайтын тұрғындар көп. Сол кісілердің кесірінен желі босамай, нағыз көмегіміз керек адамдарға кешігіп қалуымыз мүмкін екенін олар түсінсе екен дейміз.

Уақытты сұрау үшін, бүгін қай күн екенін білу үшін қоңырау шалады немесе жай ғана сөйлескісі келіп, “мені тыңдаңызшы” деп хабарласатындар бар. Кейде көмек сұрап хабарласқан адам қай жерде тұрғанын айтпайды. Біз мұның бәріне дайын болып келеміз. Жұмысқа тұрмас бұрын 3 ай арнайы оқу-жаттығудан өтеміз. Сол жерде психологияық сабақтардан өтіп, әбден дайындаламыз. Сондықтан қиын сәтте еш абдырамай көмек беруге тырысамыз. 

Желіні құр босқа ұстап тұратын кісілердің нөмерін жұмыс күні біткенде аға-инспекторға өткіземіз. Олар ары қарай өздері жұмыс жасайды. 

Кез келген жұмыстың өз қиындығы бар. Біздің жұмысқа күйзеліске төзімділік аса қажет. Өйткені күніне 150-200 қоңырау қабылдасақ, сонша мінезді адамнің тілін тауып, сөйлесіп кетуге тура келеді. Неше түрлі сөздер айтатындар бар. Басқа полицейлердің жұмысына көңілі толмаса, 102-ге қоңырау шалып, айтып тастау керек деп ойлайды. 

Ерекше қоңыраулар көп. Бірақ менің есімде қалғаны түнгі сағат 11-ге жақын кішкентай бала хабарласты. Өзінің аты-жөнін айтып, жасым 5-те дейді. “Қазір мамам ұйықтап жатыр. Көп уақыт болды оянған жоқ. Анамның жүрегі ауырады, қазір жерде жатыр” деді. Қай жерде тұратынын сұрасам, өзінің тұрғылықты мекенжайын білмейді. Бірден жағдайдың мәз емес екенін түсіндім. Қоңырау түскенде нөмер иесі автоматты түрде анықталады. Содан 15 минутқа жуық сөйлестік. Арасында үзіліп, қайта өзім қоңырау шалдым. Бірақ алмайды. Жедел құтқару кезекшілеріне бала туралы деректерді бердім. Олар тез арада баланың қайда тұрғанын анықтап, үйіне полиция жіберді. Үйіне барса, әкесі де сол уақытта жұмыстан келген екен. Үйіне кірсе әйелі талып жерде жатыр екен. Кейінен анықталғандай әйелдің қолындағы смарт-сағат арқылы автоматты түрде бізге қоңырау түскен екен. Бала смарт-сағат арқылы сөйлескен. Одан кейін баланың ата-анасы қоңырау шалып, алғыстарын айтты. 

Әр арызданушы қоңырау шалғанда оның басындағы оқиғасын, көңіл күйін өзіңнен өткізесің, өзіңді соның орнына қойып көресің. Кейібіреулері шу шығарып, айқайлап, болған оқиғадан естерін жия алмай тұратындар бар. Оларды барынша сабырға шақырамын. 

Екі күн бұрын бір қызбен сөйлестім. “Менімен бірге жұмыс жасайтын қыз маған қоңырау шалып, жылап жатыр. Қайда екенін білмеймін деп жатыр” деп құрбысы хабарласты. Мен қыздың нөмерін алып, қоңырау шалдым. Тұтқаны алған соң ол менімен сөйлеп тұрғанын ар жағындағы ер адамға білдірмеді. “Аға, мені үйге апарып тастаңызшы” деп өтініш жасады. Таксист кісіден қорқып тұр. Сосын “Мен сізге айттым ғой мекенжайымды” деп өзінің қайда тұратынын айтты. Тұратын жері Алматы облысына жатады екен. Сонда мен мекенжайы бойынша ақпаратты полицияға бердім, олар сол орынға барып, көмек көрсетті. 

102 желісінде бір тәулікте 14 оператор отырады. Мереке күндері әдеттегі күндерге қарағанда қоңырау көп болады. Мереке күндері де жұмыс кестесіне сай қызмет атқарамыз. Басқалары демалып жатқанда, біз телефон тұтқасында отырамыз. Біз бұл жұмыс кестесіне әбден үйренгенбіз. Ешқандай реніш жоқ. 

Қоңырау шалып, бізді арандатып, сөзімізден ілік іздеп, орға итергісі келетіндер болады. Әртүрлі сөздер айтып, провокациялық әрекетке барады. Жеке басыңа қатысты былапыт сөздер айтып, сенің балаң жоқ па, сен неге түсінбейсің деп жағымсыз сөздер айтындар көп. Бірақ біздің кәсіби операторлар мұндай арандатушылардың құрығына ілінбей, өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады. 

Бұл жұмысқа осының бәріне дайын болып келу керек. Одан кейін бұл жұмысқа жігіттер шыдай алмайды. Коллективте тек қыздармыз. Тәжірибеден өтіп, жұмыс істегісі келген жігіттер болды. Бірақ 1-2 күн өтпей өз еріктерімен жұмыстан шығу туралы арыздарын жазды. 

Алматы қалалық жедел басқару орталығының бейне-бақылау инспекторы Гульгна Бектаева бұл жұмыста істеп жатқанына 12 жылдан асқан. Қаланың қыр-сырын жақсы білетін ол, камералар қай қиылыста бар-жоғын бес саусағындай жаттап алған. 

“Бейнебақылау операторларының жұмысы камераларды дұрыстап қоюдан басталады. Көше қиылыстарында орналасқан бейнебақылау камераларынан қылмыстық құқықбұзушлықты анықтаймыз. Бір тәулік ішінде болған оқыс оқиғалардың мән-жайын талдап, жасырынған кінәліні табуға тырысамыз. Көп жағдайда машина ұрлығы бойынша арыз түседі. Біз көлікті нөмері бойынша анықтап, өз иесіне тауып береміз. 

102 операторы қоңырау қабылдаған соң оқиға туралы мәліметтерді бәріміз көреміз. Әр қоңырау бойынша камералардан оқиға орынын анықтап, зерттейміз. Бұл құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді және қылмыскерге жалтауға мүмкіндік бермейді.  

Кейде жаппай төбелес болып жатқан жерден бұзақылар қайда қашып бара жатқанын, полиция қызметкерлеріне баяндап, қылмыстың ізін суытпай ашуға тырысамыз. Кейде қылмыскерлер дым болмағандай оқиға орнынан жасырынуға тырысады. Бірақ біз жіті қадағалап отырмыз. 

Алматы қаласы бойынша 1103 камера орналасқан. Барлығы жұмыс істеп тұр және барлығы жіті қадағалауда. Бір күні жол-көлік оқиғасы бойынша қоңырау түсті. Біз дереу мекенжай бойынша оқиға орнына камераларды бағыттап не болғанын қарадық. Бір кезде сол жерге жақын маңда жаппай төбелес болып жатқанын байқап қалдым. Анықтап қарасақ, шыныменде, бір топ адам төбелесіп жатыр екен. Дереу полиция қызметкерлері барып, төбелесті тарқатты. Анықталғандай көңілді отырыстан кейін, мас күйінде ерегіскендер екен. Егер сол кезде елеусіз қалдыратын болса, соңы адам өліміне әкелуі мүмкін еді. 

Ең қиыны – қылмыс орын алып жатқанда тезірек барып құтқаруға қауқарың жоқ екені. Әрине, біздің құқық қызметкерлері қолдарынан келгенше жедел әрі жүйелі түрде қызмет атқарады. Бірақ кейде көз алдыңда адамды машина қағып кеткенде немесе осыған ұқсас жағдайларда ол адамға ескерте алмайтынымыз жанға батады. Көз алдыңда болып жатқан сұмдықты дер кезінде тоқтата алмайтыныңа күйінесің. 

Жақында ғана Республика алаңында жаяу жүргінші өтуге болмайтын жерден мотоцикл анасы мен баласын қағып кетті. Анасы оқиға орнында көз жұмса, баласы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Орын алған оқиға, тіпті бізді есеңгіретіп тастады. Бөлімдегі барлық қызметкер көзіне жас алды. 

Жұмысымыз осындай ауыр оқиғаларға толы болғанымен, өте қызықты.

Талқылау