Қытайдан 100-ден аса контейнер тауар Қазақстанға заңсыз жолмен әкелінген: Мемлекетке 10 млрд теңге шығын келді
Фото: видеодан кадр
Қытайдан Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелу және аса ірі мөлшерде жалған шот-фактуралар жазу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында "Group of the Companies TDA" ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен елімізге кіргізгені анықталған. Сонымен қатар олардың бақылауындағы 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар жазылған.
"Мемлекетке келтірілген залал (қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша) 10 млрд теңге болды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 млн теңге өндіріп алынды. Сот санкциясымен жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын тауарларға, күдіктілерге тиесілі 300 млн теңге сомасындағы мүлікке (жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, жылжымалы шатырлар және т.б.) шектеу қойылды", – делінген агенттік хабарламасында.
Бұған қоса осы компаниямен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.
"Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деп мәлімдеді ҚМА өкілдері.
Ал іске қатысы бар тағы бір адамға халықаралық іздеу жарияланған.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен
