"100 бет өлең жаздым": Математик Асқар Жұмаділдаев алғаш рет өмірден ерте кеткен әйелі мен баласы туралы айтты
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, ғалым Асқар Жұмаділдаев алғашқы жары мен ұлы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Алғашқы” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымның алғашқы жары – Құралай, танымал ақын Тұманбай Молдағалиевтің қызы. Академиктің достары Қуандық Түменбай, Ержан Белгозиев және туған бауырлары Құралай Тұманбайқызы туралы естеліктерімен бөлісті.
“Екеуі Мәскеуде оқып жүргенде танысты. Ол жаққа екеуі де білім-ғылым қуып барды. Мінездері де ұқсас, бір-бірін тауып қосылған ғашықтар болатын. Бір күні үйлеріне есігінің тұтқасын ауыстыру үшін барып қалдым. Құралай ауруы жанына батса да, жібермей, шай-тамақ бергені есімде. Өте тәрбиелі қыз болатын”, – деп еске алады сазгер Ержан Белгозиев.
Академиктің бауыры Рүстем Жұмаділдаев та жеңгесін еске алды.
“Асекең Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерін жақсы көрді. Сол кісінің қызына арнаған өлеңі арқылы Құралаймен танысты. Ақын қызына арнаған өлеңінде оның математик болатынын, Мәскеуде оқығанын жазған. Сол өлеңді Асқар логикасына салып, қызды тауып алды. Ядролық физика мамандығында оқыды. Сол жерде өте көп зерттеу жүргізді. Түрлі химиялық қоспалармен жұмыс істеді. Соның бәрі екеуінің де денсаулығына әсер етті ме, тұңғышы Арман сал ауруымен туды. 14 жасқа дейін өмір сүрді. Асқар өте қатты қиналды. Жұмыстан шыға сала үйге келіп, баласын көтеріп, таза ауаға серуендеуге алып шығатын еді”, – дейді інісі.
Алғашқы жұбайын сағынышпен еске алған академиктің өзі былай деді:
"Көзінің тірісінде Құралайға бір дұрыс гүл бере алмадым. Мүмкіндік болды, бірақ не болатынын білмедік қой. Қазір жеңгелерің де бар, бәрі бар. Бірақ жалпы ешкімге гүл бермеймін. Той да тойламаймын, тойға да бармаймын. Қайғыратын болсаң – өзің қайғыр, ұстанымым осы. Бұл менің мәңгілік жүрегімде қалатын нәрсе ғой. Әйелімнің басына бармаймын. Бұл – ауыр. Ұлым Арман да өте қатты ауырды. Өмірден ерте кетті. Әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Сол жылдары қатты қиын болды. Жарты жылдан кейін ғана еңсе тіктей бастадым. Сол кезде 100 парақтай өлең жаздым. Менің жазған ең үлкен шығармашылығым осы. Содан кейін өлең шығарған емеспін. Мені қайғыдан алып шыққан – Абай Құнанбайдың шығармашылығы", – дейді ғалым.