Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық күйеуінің тосынсыйынан соң 20 жыл некелескен жарымен ажыраспақ

Фото: Stan.kz/AI Copilot/ChatGPT арқылы жасалды

Қазақстандық туған күніне арналған тосынсыйдан кейін күйеуімен ажырасуға шешім қабылдағанын жеткізді. 20 жыл некеден соң ол ажырасуға өтініш беріп, қызы екеуі психологтың көмегіне жүгінбек ниетте. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Діттеген жерге жеткенше 10 жылға қартайып кеттім

Қазақстандық желіде бір апта бұрын келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты. Содан бері ес жия алмай жүргенін жеткізген ол оқиғаны толығырақ баяндап берді. 

"Әдеттегідей жұмыс күні еді. 9 жастағы қызымның шахмат сабағы сағат 15:30-да аяқталуы керек еді. Сабақ өтетін орталық үйімізге жақын болғандықтан, ол өзі барып-келіп жүретін. Үйге 5 минутта келетін. Сағат 16:00 шамасында үйге жетті ме екен деп қоңырау шалдым. Телефонын бейтаныс ер адам көтерді. Ол: "мына мекенжайға келіңіз, қызыңыз осында" деп айтты да, тұтқаны қоя салды. 2ГИС-ке кіріп, телефон тұрған орынды қарасам, ер адам айтқан мекенжай. Жолдасыма қоңырау шалсам, телефоны сөндірулі. Оның әріптесіне хабарлассам, күйеуімнің сағат 12:00-де жұмыстан кеткенін айтты. Бірден бастығыма жүгіріп барып, жағдайды түсіндірдім. Ол такси шақырып берді. Жол бойы қызымның телефонына қайта-қайта хабарласып, ала алмадым. Жылап, полицияға қоңырау шалдым. Олар "Сол жерге барып көріңіз, қажет болса, қайта хабарласыңыз. Мүмкін қызыңыз қалжыңдап тұрған болар" деп айтты", – дейді әйел. 

Әйел ішке қорқынышпен кіріп, соңы күтпеген сыймен аяқталғанын жеткізді. 

"Мекенжайға жеттік. Такси жүргізушісі, жас жігіт сізбен бірге барайын ба, деп сұрады. Діттеген жерге жетсем, бірнеше костюм киген ер адам темекі шегіп тұр екен. Ішке кірсек, жас жігіт жүгіріп келіп: "сізді күтіп отыр, ана есіктен кіресіз"деп айтты. Ішке кірсем қою қараңғы, ештеңе көрінбейді. Такси жүргізушісі соңымнан бірге кірді. Қызымның атын атып шақырдым. Сол сәтте жарық жанып, музыка қосылды. Жақындарым "Туған күніңмен!" деп айқайлап шықты. Қызымды іздеп, әкесінің жанында тұрғанын байқадым. Жүгіріп барып құшақтап, жерге отырып қалдым", – дейді әйел.

Ол сол сәтте жылап қалғанын, ал айналасындағы адамдар таңданыспен қарағанын жеткізді.

"Сол сәтте анам мен күйеуім келді. "Не болды?" деп сұрады. Мен ештеңе түсіндіре алмайтындай халде болдым. Жаймен дәретханаға қарай кеттім. Соңымнан анам, қызым және күйеуімнің анасы келді. Олар "Не болды?" деп сұрап жатыр. Тоқтаусыз жыладым. Күйеуім келіп, не болғанын сұрағанда ұрып жібердім. Анасы арамызға түсіп, "жақсылық жақпай ма саған, есің дұрыс па өзі?" деді. Ал анам құшақтап, жұбатуға тырысты. "Бұл кімнің идеясы?" деп сұрасам, бәрі үнсіз. Анам мен қызым не болғанын түсінбей тұр. Күйеуім "Сенің туған күнің, 40 жас. Бұл үлкен мереке, сенің күніңді ерекше өткізгім келді" деп мені кінәлады. Сол сәтте официант кіріп келіп "Полиция келді, сізді іздеп жүр", деп айтты", – деді қазақстанық. 

Оның айтуынша, полиция келген соң туған күн өтпей, бәрі тарап кеткен. Ал күйеуінің анасы әйелді кінәлап, ұрсыпты.

"Мені осылай шақыру идеясын күйеуімнің әпкесі ұсыныпты. Оны күйеуім қолдаған. Анам бұл жағдайдан мүлде хабарсыз болған", – деді әйел. 

Қазақстандық осы оқиғадан бір апта өткен соң ажырасуға өтініш берген. 

"20 жылдық некеден кейін ажырасуға өтініш бердім. Анам мен әпкелерім тым асыра сілтеп жатқанымды айтты. Дегенмен мен ол жерге жеткенше 10 жыл өмірім қысқарғандай күй кештім. Бірақ мұны ешкім ойлап отырған жоқ. Қайын енем қонақтардың көзінше: "Туыстардың алдында масқара болдық" деп айқайлады. Оқиға орнына келген полицейлер жалған шақырту деп танып, 118 000 теңге айыппұл салған”, – дейді әйел.

Енді әйел қызымен бірге психологқа баруға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ күйеуі ажырасқысы келмейтінін айтып, өз әрекеті үшін қайта-қайта кешірім сұрап жүр екен.

“20 жыл отасып, ажыраса салу тым ауыр”

Бұл жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір топ әйелдің ажырасу туралы ойын қолдамайтынын жеткізсе, енді бірі мұндай тосынсый орынсыз екенін айтты. Содан кейін өз басынан өткізген оқиғаларын жазды.

“Ашуға беріліп, асығыс шешім қабылдамаңыз. Телефонның бергі бетінде отырып бәріміз ақыл айтқышпыз. Бірақ 20 жыл бірге өмір сүрдіңіздер. Бұл бос уақыт емес. Қазір пранк жасау сәнге айналып кеткен заман. Сізді де солай қуантқысы келген болар. Бірақ олардың мұндай жолмен тосынсый жасауы орынсыз. Болашақта балаңыз өзін кінәлі сезінуі мүмкін, оны да ескеріңіз. Бәріңіз отырып ашық сөйлесіңіздер. Сізге мұның ұнамағанын, мұндай әзілдің орынсыз екенін айтыңыз. Сол кезде бәрі орнына келуі мүмкін”, – деп жазды бірі әйелді сабырға шақырып.

“Әрине бұл күлкілі жағдай емес. Мүмкін күйеуіңіз тосынсый жасағысы келген болар, бірақ жағдайды ушықтырып жіберді. Оны кінәлай бермеңіз. 20 жыл отасқан адаммен ажырасу тым ауыр шешім. 20 жыл бірге өмір сүрген адамды жақын танып, оның мінезін түсіну керек қой. Иә, бала арқылы пранк жасау орынсыз. Бірақ ой елегінен тағы өткізіп көріңіз. Ажырасу жай шешім емес”, – деді тағы бірі.

“20 жылдық некеден соң күйеуім бір ақымақтық жасады деп ажыраса салу орынсыз сияқты. Ол сізге әдейі пранк жасады дегенге сену қиын. Қорқып қалғаныңызды түсінемін. Мен де анамын. Бірақ өзгелердің бізге түсінікпен қарағанын қалап, өзіміздің басқаларды түсінуге тырыспауымыз дұрыс емес”, – деді желі қолданушыларының бірі. 

Ақыл-есі дұрыс адам мұндай тірлікке бармайды

Енді бір топ ер адамның әрекетін мүлде орынсыз деп бағалап, оқиғаларын бөлісті. 

“Ақыл-есі дұрыс адам мұндай тірлік жасамайды. Мұндай әрекетке көбіне психопаттар мен нарцисс адамдар барады. Мүмкін, күйеуіңізден бұрыннан бері орынсыз белгілер байқалған шығар. Әсіресе, осындай жағдайда кінәні әйелге жауып, өзін сүттен ақ, судай таза етуге тырысуы орынсыз. Жалпы, бұл отбасының өзінде жанашырлық жоқ сияқты. Ақыл-парасаты түзу әйел басқа әйелге мұндай қатыгездік жасамайды”, – деп жазды бірі. 

“Бұл – сұмдық жағдай. Сізге жаным ашиды. Бұл жағдайдан соң міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Мен де осындай жағдайды бастан өткізгенмін. Бес жастағы ұлымды ата-анама қалдырған едік. Бір кезде атасы телефон шалып, "немеремді таппай жатырмын" деп айтты. Қорқып, қайтадан ата-анама барып, көршілерді аралап, баланы іздедік. Мен бақырып жылап, баламның атын атап шақырдым. Жүрегім тоқтап қалғандай күйге түстім. Кейін ұлым кереуеттің астынан шығып, анашым деп айғайлады. Сол жерде ұйықтап қалған екен. Сол сәттегі қорқыныш есімнен кетпейді”.

“Мұндай туыстарың болса жау керек емес. Бұл пранк дым күлкілі емес. Егер тосынсый жасағысы келсе, бастығына хабарласып, "мына мекенжайға құжат апару керек" деп айтсын. Ал мына жағдай – эмоциялық манипуляция”.

“Сізді жақсы түсінемін. Қызым 7 жасында жоғалып кетті. Бүкіл қаланы аяғынан тік тұрғызып іздедім. Өзім басқа қаладан жұмыстан келе жатқан едім. Полиция мені үйдің алдында күтіп алып, іздеу жұмыстарын бастап кетті. Ақырында қызым көрші үйде екені белгілі болды. Бұл жағдайдан кейін ұзақ уақыт өзіме келе алмадым. Тіпті психологтың көмегіне жүгінуге тура келді. Ондайды ешкімнің басына бермесін”, – деп жазды енді бірі. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 18:37
Талқылау