Таиландтан 8 миллиард теңгеге алынған медициналық қолғаптар қазақстандық өнім ретінде екі есе жоғары бағамен сатылған
Фото: freepik.com
Мәжілістің жалпы отырысында жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларын баяндады. 2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар кемшілік анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Палата төрағасы 2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалса да, биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмағанын атап өтті. Ол соның салдарынан ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен болғанын мәлімдеді
"Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрі- дәрмеу формулярына енгізілмеген", – деп мәлімдеді Смайылов.
Соңғы үш жылда отандық фармацевтиканы дамыту үшін 148 млрд теңгеге преференциялар берілген, Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасаған. Алайда, Смайыловтың айтуынша, отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемі өскеніне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған.
"Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда", – дейді ол.
Сондай-ақ жоғарғы палата төрағасы өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейтінін атап өтті.
"Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға мүмкіндік жасайды. Мәселен, 2024 жылы жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Таиландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді. Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда 2 есе жоғары бағамен сатылған. Мұндай схемалар импортты алмастыру саясатының мәнін бұрмалап қана қоймай, мемлекетке тікелей залал келтіреді", – деді Әлихан Смайылов.
Палата төрағасының сөзінше, кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланатын көрінеді.
Бұл тиісті бақылау болмаған жағдайда нарыққа сапасыз өнімдердің түсу ықтималдығын арттырады. Мысалы, компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған.
"Аудит дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғанын және ұзақ уақыт алатынын анықтады. Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі. Бағаны реттеу жүйесі дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне және бағаның негізділігіне қамтамасыз етпейді. Қолданыста болған үстеме бағалар жүйесі нарық үшін шекті бағаларды өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін, бюджет есебінен сатып алу үшін 35%-ға дейін негізсіз арттыруға мүмкіндік берген", – дейді Смайылов.
Аудиторлар фармакологиялық қадағалау құралдары тиімсіз екенін алға тартады.
"Үш жыл ішінде келіп түскен дәрі-дәрмектердің жанама әсері туралы 8 мыңға жуық хабарламаға қарамастан, Фармбақылау комитеті бір ғана препаратты қолданыстан алып тастаған. Шарттарды дер кезінде жасамау және жеткізу графиктерін сақтамау пациенттерді дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Бірыңғай дистрибьютор 2022-2024 жылдары тек амбулаториялық көмек шеңберінде 207 атаудан тұратын өнімді уақытылы сатып алмаған және 164 өнімді мүлдем сатып алмаған. Бірқатар препарат ай сайын бөліп таратылудың орнына тоқсан сайын жеткізіліп, тапшылық туындаған. Соның салдарынан пациенттер оларды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған", – деп мәлімдеді палата төрағасы.
Смайыловтың баяндауынша, логистика шығындары үш жыл ішінде 60% өсіп, өткен жылы 11 млрд теңгеге жеткен. Бұл да дәрі-дәрмектердің бастапқы құнына әсер етеді.
Оның дерегінше, жарамдылық мерзімінің өтуі жақындаған препараттарды тарату бойынша 67 мыңнан астам факті анықталды.
"Бұл олардың жарамсыздығына және қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына әкелді. Сонымен қатар пациенттерге қажеттіліктен асатын көлемде немесе клиникалық хаттамаларда көзделмеген препараттарды тағайындау фактілеріне жол берілген. Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені анықталды. Бұл жағдайға басты себеп – тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылады. Мұндай фактілер дәрі-дәрмекті беру және оның айналысын бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді", – деп атап өтті Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, жалпы екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталған.
"Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді", – деді ол.
Жоғары палата төрағасы баяндамасында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалар бар екенін, палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отыратынын атап өтті.