Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10 баланы бауырыма бастым": Әнші Елена Әбдіхалықова тұрмысқа шықпағанын айтты

Танымал әнші, сазгер Елена Әбдіхалықова алғаш рет жеке өмірі туралы айтты. Сондай-ақ тұрмысқа шықпаса да, 10 баланы бауырына басқанын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Алғашқы” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері үлкен әулетте дүниеге келген. Айтуынша, анасының 10-перзенті екен. Әншінің әпкесі Тания Әбдіхалықованың айтуынша, анасы көзі тірісінде Еленаның өз жұбын тапқанын армандап кеткен көрінеді. Алайда әншінің бауырлары бірінен кейін бірі қайтыс болып, олардың балаларына өнер иесі қамқор болған.

"Бауырлары бірінен кейін бірі қайтыс болып, солардың ұл-қызын асырау үшін өзін екінші орынға қойды ма деп ойлаймын. Өзін ұмытып кетті деп ойлаймын. Анам да армандап кетті. "Қалауыңды тап" деп бірнеше рет айтты. Елена "Менің жан дүниемді түсінбейді" деп айтты", – деді әншінің әпкесі.  

Ал өнер иесі осы уақытқа дейін өмірден өткен бауырларының балаларына қамқор болғанын айтты.

"Үйдің оныншы перзентімін. Анамның арманын неге орындай алмай жүргенімді Құдайдан сұрау керек шығар. Адамның басы – Алланың добы. Бәрін Құдай қосады. Бауырларымның бәрі – менің балаларым. Құжат түрінде болмағанымен, менің он шақты балам бар. Мен осындай танымал бола тұра, бауырларымның балаларына көз қырымды салмасам, тағдырына септігім тимесе, менің әдемі көйлек киіп, сахнада жүргенім кімге керек? Артымда қара ормандай боп, бауырларымның балалары тұр", –деп жауап берді әнші. 

 

Талқылау