Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10 айлық сәбиіме жеті рет ота жасалды": Сирек кездесетін дертке шалдыққан қызылордалық нәрестеге шұғыл көмек қажет

Қызылорда қаласының тұрғыны Динара Нысамамбетова қайырымды жандардан көмек сұрайды. Жас ананың 10 айлық сәбиі сирек кездесетін дертке шалдыққан. Анасының сөзінше, балақайға туғаннан бері жеті рет ота жасалған. Оның ішінде басына су жиналып, мидың сүйектен шығып кетуі Мұзафардың өміріне қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде баласы үшін жанын шүберекке түйген Динараның бар үміті түркиялық дәрігерлерде. Алайда шетелде ота жасату үшін 15 миллион теңге қаражат қажет көрінеді. 

Динара Нысамамбетова – үш баланың анасы, бүгінде оның екеуі науқас. Жолдасы ұлдарының  жағдайынан кейін, отбасын тастап кеткен. Қазір жалғызбасты ана үш ұлымен бірге жалдамалы пәтерде күн кешіп жүр. Алайда қызылордалық келіншек үшін, ең бастысы, Мұзафардың сауығып кетуі.

"Мұзафарға жалпы 15-ке жуық диагноз қойылды, оның бесеуі денсаулығына қауіп төндіріп тұр. Гидроцефалия, ми грыжасы, сүйектер мен бас сүйегінің аномалиясы және тағы басқалары. Басына су жиналып қала береді. Сәбиім шырылдап жылаған кезде өзімді қоярға жер таппай қаламын. Миы бас сүйектен сыртқа шығып кетеді. Үнемі дәрігерлердің бақылауындамыз, ауруханаға да жиі жатамыз", – дейді Динара.

Жас ананың айтуынша, мұндай дертке шалдыққан бала Қызылорда облысында алғаш рет тіркелген екен. Жергілікті дәрігерлер мүмкіндіктері келгенше ем жасауда. Дегенмен кеселдің толықтай жолын кесу үшін алдағы екі айдың ішінде Мұзафарға күрделі ота жасау керек. Бүгінде Динара түркиялық мамандарға сенім артып отыр. Алайда шетелде ота жасату үшін қаржы қолбайлау болып тұр.

"Жалпы Түркияда ем алу мен оңалтуды қосқанда 15 миллион теңге қаражат қажет. Мен үшін осылай халықтың алдына шығып, көмек сұрау оңай емес. Бірақ ұлым үшін осы қадамға барып отырмын. Шетелде ота жасатқан көп балалардың жағдайы жақсарған. Мен де балам үшін соңына дейін күресемін", – деп шырылдайды жалғызбасты ана.

Ұлы үшін шарқ ұрып, жомарт жандардан қолдау сұрайтын ананың банк реквизиттері төмендегідей:

KASPI GOLD:

4400 4301 1391 8616

87021567934

ZHAIKHAN UZAKBAY

ЖАЙХАН ҰЗАҚБАЙ (Мұзафардың әжесі)

Талқылау