Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде сот Қаңтарда ұсталып, азаптаудан кейін қайтыс болған Жандос Жотабаевтың ісіне қатысты фельдшерді кінәлі деп тапты

Сот Семейде азаптаудан қайтыс болған Жандос Жотабаевтың ісіне қатысты уақытша ұстау изоляторының фельдшерін кінәлі деп тапты. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

сот

“Төлеубекова Гүлмира Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған медициналық фельдшер қызметін атқару құқығынан үш жылға айыра отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сүйене отырып, жаза шартты болып саналсын”, – делінген №2 соттың шешімінде.

Семей қаласының тұрғыны Жандос Жотабаев 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынып, кейін азаптаудан қайтыс болған.

Сондай-ақ Төлеубековадан зардап шеккендердің өтемақы қорына 30 630 теңге өндірілмек. Сондай-ақ сот моральдық шығын өндіру туралы талап арызды ішінара қанағаттандырып, Жотабаевтың пайдасына 500 мың теңгені белгіледі. Сонымен қатар Төлеубекова адвокаттың шығыны үшін 500 мың теңге төлеуі тиіс.



Қорғаушы тараптың айтуынша, фельдшердің Жотабаевтың өліміне еш қатысы жоқ. Төлеубекованың екі адвокаты бұл жағдайда бірінші кезекте азаптау қолданып, жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін фельдшерді емес, полиция қызметкерлері мен уақытша ұстау изоляторының бастығын жауапқа тарту керектігін алға тартады.

Жандос Жотабаев – билік ресми түрде мойындаған қаңтар оқиғасы кезінде азаптауға ұшыраған алты адамның бірі. 6 қаңтарда митингке қатысқаны үшін ұсталып, орталық полиция бөлімінде екі күн қамауда отырып, кейін уақытша ұстау изоляторына ауыстырылған. 17 қаңтарда ҰҚК қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлайды. Бауыры Ердос Жотабаевтың айтуынша, мәйітті тексерген кезде денесінде көгерген іздер болған. Оның 11 қабырғасы сынған, сонымен қатар плеврит болған деген қорытынды жасалған.

Жандос Жотабаев қайтыс болғаннан кейін азаптау фактісі бойынша тағы бір сот процесі басталды. Сот алдында полиция қызметкерлері Әлішер Қанақынов пен Ерсұлтан Ағзамов айыптаушылар ретінде отыр.

Ақберен Амангелді
Сәрсенбі, 21 Маусым, 2023 15:49
Талқылау