"1 трлн теңге жинақтан айырылып, қарызға батады": Медициналық сақтандыру қорына жасалған аудит нәтижесі жарияланды
Фото:freepik.com
Аудиторлар медициналық сақтандыру қорында миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтап, басшылықты жауапқа тартуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bes.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты сын көп. Халық қорға миллиардтаған жарна төлесе де, медицина сапасы жақсармай тұр. Мәселені шешу үшін медициналық сақтандыру қорына аудиторлық есеп жүргізілген. Аудит нәтижесінде миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықталды.
2022-2023 жылдар аралығын қамтыған мемлекеттік аудит барысында медициналық сақтандыру қоры 31 млрд теңгені тиімсіз пайдаланғаны анықталды. Бұл қаржы медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге бөлінгенімен, уақытында игерілмеген. Соның кесірінен көптеген азамат қажет көмекті ала алмады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл сома жүйеде жұмыс істейтін 10 ірі клиниканың жылдық бюджетіне тең.
Аудиторлар қордың қаржылық тұрақтылыққа қатысты болжамдарын да сынға алды:
- Болжамдағы шығын көлеміне басқа бағдарлама (ТМККК – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) шығындары қосылып кеткен, бұл нақты ақпаратты бұрмалаған.
- Инвестициялық кірістер төмен бағаланған. 2022 жылы 33 млрд теңге жоспарланып, шын мәнінде 66 млрд теңге кіріс түскен. Ал 2023 жылы – 37 млрд орнына 113,5 млрд кіріс болған.
- Халық санының өсімі дұрыс есептелмеген. Нақты өсім орнына орташа көрсеткіш алынған. Бұл да жарна көлемінің төмен есептелуіне әкелген.
- Қор активтерін басқаруға арналған комиссия жыл сайын бір деңгейде көрсетілген (17,6 млрд), яғни активтер азайса да, шығын бірқалыпты деп есептелген.
Депутаттар қазақстандықтардың МӘМС жарналарының бір бөлігін өздері басқаруына рұқсат беруді ұсынды
Осының бәрі МӘМС жүйесінің 2030 жылға дейін ғана жұмыс істеу мүмкіндігін көрсетіп отыр. Аудиторлар қордың нақты жағдайын анықтау үшін қаржылық модельді қайта есептеуді ұсынды.
Аудиторлар Астана мен Алматы қалаларындағы филиалдарда да қаржы тиімсіз жұмсалғанын, клиникалар алдындағы берешек жиналып қалғанын және қызмет көлемі негізсіз ұлғайтылғанын анықтады.
Елордадағы қор филиалындағы басты мәселелердің бірі – бюджет қаржысының игерілмеуі. Соңғы екі жылда ТМККК мен МӘМС аясында медициналық қызметтерге бөлінген 4,36 млрд теңге пайдаланылмай, кері қайтарылған: 2022 жылы – 2,58 млрд теңге, 2023 жылы – 1,79 млрд теңге. Бұл – қарапайым тілмен айтқанда, халық медициналық көмекті толық ала алмады, емханалар тиісті қаржыны алмай қалды. Себебі, қор бөлінген қаражатты тиімді игере алмаған.
Сонымен қатар, елордалық медициналық ұйымдар қарызға белшесінен батқан. Тек 2023 жылдың соңында ғана мемлекеттік емханалардың жеткізушілерге берешегі 17,6 млрд теңгені құраған.
Ал Астанадағы жеке клиникалар керісінше, медициналық сақтандыру жүйесінен жыл сайын көбірек қаражат алып отыр. 2022 жылы оларға 95,4 млрд теңге (барлық қаражаттың 43%-ы), ал 2023 жылы – 115,4 млрд теңге (45,2%) бөлінген. Бұл соманың шамамен үштен бірі бастапқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалған: 2022 жылы – 33,9 млрд теңге, 2023 жылы – 37,2 млрд теңге.
Алайда мемлекеттен қомақты қаржы алып отырған кейбір ірі клиникалар заң талаптарын өрескел бұзып жұмыс істеп жатыр. Олардың кейбірінде лицензия да, санитарлық құжаттар да жоқ, төсек-орын саны қолдан көбейтілген, құрал-жабдық жетіспейді, тіпті өз ғимараттары да жоқ. Мұндай мекемелерге "Салауатты Астана", "Шипагер", "Адал ниет Астана" клиникалары жатады.
Аталған клиникалар ондаған мың адамды қабылдайды. Мысалы:
- "Салауатты Астана" клиникасына – 94 323 адам,
- "Шипагерге" – 85 687 адам тіркелген.
Соған қарамастан, бұл ұйымдар тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсетіп келеді. Мысалы, "Салауатты Астана"-да фармацевтикалық қызмет пен УДЗ жүргізуге лицензия жоқ, ал "Шипагерде" – гинекология, кардиология, инфекциялық аурулар секілді бірнеше бағыт бойынша рұқсат жоқ. Соған қарамастан, "Шипагер" лицензиясыз 401,4 млн теңгеге қызмет көрсеткен. Ал "Адал ниет Астана" санитарлық қорытындысыз стационарлық көмек көрсетіп отыр.
Аудит нәтижесінде клиникалардың күндізгі стационар, отадан кейінгі бөлім, УДЗ бөлмесі, тамақтану мен емдеу бөліміне қатысты рұқсат құжаттары жоқ екені анықталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған. Мысалы, "Салауатты Астана" клиникасына 2118 мүгедек адам тіркелген, бірақ пандус та орнатылмаған.
Құрал-жабдық мәселесі де күрделі. Бұл клиникаларда рентген, КТ, МРТ, эндоскоп, маммограф сынды жабдықтар мүлде жоқ. Науқастар басқа клиникаларға жіберіледі. Сонымен қатар, ақпараттық жүйеде (ИС "Система управления ресурсами") клиникалар күндізгі стационардағы төсектердің санын қолдан көбейткен фактілер тіркелген – бұл көрсетілетін қызмет көлемін жасанды түрде арттырып, бюджеттен көбірек қаражат алуға мүмкіндік береді.
Аудиторлар атап өткендей, медициналық ұйымдарға қаражат нақты қаржылық жағдайына қарамастан бөлінеді. Бір мекемелерде қарыз көп, екіншілерінде актив жоқ. Есеп комитеті ескерткендей, бұл бюджет қаржысының жоғалуына және халықтың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Тағы бір факт – кейбір қызметтер марқұм адамдардың атына жазылып, "өлі жандарға" 13,7 млн теңге төленген. Бұл қаржы кейін бюджетке қайтарылды.
Алматыдағы МӘМС филиалы да клиникаларға 1,26 млрд теңге берешегі болған. Фонд тек нақты қызмет көрсетілгені туралы актілер негізінде төлейді, бірақ ақшаның түсуі 100 күнге дейін кешігіп жатады. Бұл – дәрі-дәрмек, жалақы, техникалық қызмет көрсетуге қажетті қаражаттың тапшылығына алып келеді.
Аудитте Алматы филиалы туралы ақпарат аз болғанымен, №4 қалалық емханасына ерекше назар аударылдыү Ол жерде МӘМС бюджетінен миллиондаған теңге шығын әкелген бірнеше схема анықталған:
- 58 жалған скрининг рәсімделген – 300 мың теңге шығын;
- 952 жағдайда медициналық көмек тіркелмеген не тіркеуден шығарылған адамдардың атына рәсімделген – 11,2 млн теңге төленген;
- Медициналық жабдықтарды қымбат бағаға сатып алған – тендер мен "СК-Фармация" арқылы делдалдар (Ordamed, "Круана") қатысқан, нәтижесінде №4 аурухана 48,5 млн теңге жоғалтқан;
- Льготалы науқастардан заңсыз 3,7 млн теңге алған;
- Қоймаларда 52,5 млн теңгеге дәрі-дәрмек пен медбұйымдар табылған;
- Шетелде жүрген немесе тіркеуден шыққан науқастарға дәрі-дәрмек жазылған – 7,8 млн теңге;
- Damumed.kz медициналық жүйесі мен бухгалтерия арасында байланыс жоқ, нәтижесінде тағайындалған ем мен нақты берілген дәрі сәйкес келмейді. Бұл жүйені пайдалану үшін №4 аурухана 21,3 млн теңге жұмсаған.
Еске салсақ, бұған дейін депутат МӘМС-тегі 2 триллион теңге бақылаусыз жұмсалып жатқанын айтып, сынға алған еді.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
