1 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Түркиядан экстрадицияланды
Аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілініп, 2014 жылдан бері іздеуде болған Қазақстан азаматы Түркия Республикасынан экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратура мәліметінше К. есімді азамат құрылыс компанияларының 1 миллиард теңгеге жуық қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
“Бұл қаражат әлеуметтік мақсаттағы объектілерді салуға арналған. Олардың арасында аурухана болды. Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазір ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды”, – делінген хабарламада.
Аталған қылмыс жасағаны үшін оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
“Бұл нәтижеге біздің мемлекеттер арасындағы қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің, сондай-ақ Бас прокуратураның Түркияның құзыретті органдарымен мақсатты жұмысының арқасында қол жеткізілді. Түрік елі тарапынан қылмыс үшін жазаның бұлтартпасытығын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін толық қолдағанын атап өткен жөн”, – деп қосты ведомство өкілі.