Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

1 мамыр күні ақтөбеліктер Қазақстан халқының бірлігі күнін жылы әрі достық атмосферада атап өтті

"Қазақстан халқына мың алғыс" стеласы аумағында өткен жарқын әрі көркем шара ешбір көрерменді бей-жай қалдырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Биыл Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше маңызға ие. Себебі 2025 жыл — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы. Бұл айтулы оқиға өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктірді. Күн бойы алаңда жылылық, қуаныш пен шаттықтың ерекше атмосферасы орнады.

Сахнада "Сұңқар", "Ладушки", "Язғы моңнар", "Борвинок", "Оксана", "Дэш", "Русская песня" және басқа да ансамбльдер өнер көрсетті. Олар қазақ, орыс, татар, украин, сыған тілдерінде әндер орындады. Көрермендер әр орындаушыны ыстық ықыласпен қарсы алып, бірге қосылып ән шырқады.

Алаңда этномәдени бірлестіктер дайындаған көрме ұйымдастырылды. Онда әрбір этностың ұлттық бұйымдары, сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылып, әр халықтың байлығы мен өзіндік болмысы көрсетілді.

"Мұндай күні ортақ шаңырағымыздан әрдайым ашық әрі бейбіт аспан көрінгенін қалайсың. Баршаңызды бірлік мерекесімен құттықтаймын, елімізге татулық, келісім мен өркендеу тілеймін", – дейді "Вяра" болгар орталығының өкілі Ольга Маринова.

Айта кету керек, Ақтөбе облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясында 17 этномәдени бірлестік бар. Оның құрамында ақсақалдар мен аналар кеңестері, "Жомарт жан" орталығы, журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ және басқа да бағыттар жұмыс істейді. Барлығы еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас негізі - ұлтаралық келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді.

"Қазақстан халқының бірлігі күнінде барша қазақстандықтарға бейбітшілік, жақсылық пен келісім тілеймін. Әр үйде жылу, ал жүректерде бір-біріне деген құрмет болсын", – дейді "Урарту" армян этномәдени бірлестігі - ақсақалдар кеңесінің төрағасы Арутюн Микаелян.

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік бағдарлама көтеріңкі көңіл-күймен аяқталды – "Атамекен" әнінің бірлесе орындалуы және ортақ шаңырақ астындағы халықтардың достығы мен бірлігінің жарқын символына айналған достық хорымен түйінделді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 01 Мамыр, 2025 18:20
Талқылау