Ақтөбеде 1 айдан бері іздестіріліп жатқан экс-депутат ақыры қолға түсіп, қамауға алынды
Ақтөбеде мас күйде көлік жүргізгені үшін істі болған мәслихаттың экс-депутаты Сәния Мұратова ұсталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 26 қазандағы қаулысы бойынша, Сәния Мұратова Ақтөбе қалалық полиция басқармасының арнайы қамау орнына жеткізіліп, 15 тәулікке қамалды.
Ақтөбе мәслихатының бұрынғы депутаты Сәния Мұратова мас күйінде Lexus көлігін тізгіндегені үшін кінәлі деп танылды. 53 жастағы әйел әкімшілік сотқа үш рет шақыру қағазын елемей, сот отырысына да қатыспаған.
"Сот қаулысы бойынша, Мұратова әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігінде (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылсын", – делінген Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде мас болып көлік жүргізген экс-депутатқа қатысты сот үкімі шыққанын хабарлаған едік. Мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған депутат қызметінен кетті.