Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ескі УАЗ қызметтен шығарылған жедел жәрдемнің бөлшектерімен жөнделген": Алматы облысында құтқарушы жол апатынан қаза тапты

Фото: t.me/halyqstan

Алматы облысында жол апатынан құтқарушы қаза тапты. Марқұмның туыстары жол апатына ескі УАЗ көлігі себеп болды деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жол апаты 12 желтоқсан күні Алматы – Қапшағай – Бақанас тасжолында болған.

Halyqstan Telergram арнасының мәліметінше, көлікте Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері болған. Көктайғақ салдарынан автокөлік аударылып кеткен. Жол апатынан аман қалған жолаушы жолға шығып, көмек шақырған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері жүргізушінің көз жұмғанын анықтады.

Қаза тапқан құтқарушы Фархад Аманбаевтың туыстары жол апатына ұшыраған УАЗ көлігінің қызметтен шығарылған жедел жәрдем көлігінің бөлшектерімен жөнделгенін айтады. Олардың пікірінше, бұл көлік қызметке жарамсыз болған. 

Туыстары дәлел ретінде Фархад Аманбаевтың қайғылы оқиғадан бір сағат бұрын көлік рөлінде түсірген видеосын жариялады. Видеода құтқарушы көлікті жөндеген әріптестеріне шағымданады.

Басқа кадрларда дәл сол УАЗ көлігін құтқарушылар оны өз күштерімен жөндеп жатқаны көрсетілген.

Сонымен қатар құтқарушылардың сол көлікті жөндеуге 6000 теңгеден ақша жинағаны көрсетілген құжат та жарияланды.

Туыстары құтқарушының өліміне ескі техниканы пайдалануға берген ТЖД басшылығын кінәлайды.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, 23 жастағы фельдшер қаза тапқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 23:02