"Ақшасыз қалдық": Қазақстандықтар шоттарының бұғатталуына жаппай шағымдануда

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар жеке және бизнес шоттарының бұғатталуына жаппай шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінде шоттарының бұғатталғанына шағымданған қазақстандықтардың жазбалары тарады. Хабарламалардан бұғаттаулардың жаппай сипатта екенін байқауға болады. Ал себептері әзірге белгісіз.
"Бүгін шоттардың негізсіз жаппай бұғатталғанын көріп отырмыз. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсініктемесін күтеміз", — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Көпшілік шоттардағы бұғатты қалай алу керектігіне және бұл жұмысты кім жүргізетініне қызығушылық танытуда.
Тағы бір желі қолданушысы шотының бұғатталуының себебі ретінде "камералдық бақылау бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындамағаны" көрсетілген скриншотты жариялады. Алайда ер адам өзінің айыппұлдары пен салықтарының барлығын төлегенін, бұғатталудың себебін таба алмағанын айтады.
"Мен ақшасыз қалдым. Барлық жеке шоттарым бір сәтте бұғатталды. Техникалық қате деп айтып жатыр. Автоматты түрде бұғаттан шыққанын күтіңіздер дейді. Қанша уақыт күтетінімізді ешкім білмейді. Автотұрақтан шығу үшін тіпті жүріп барып ақша сұрауға тура келді" — деп жазды тағы бір қазақстандық.
Жазбаларға пікір қалдырушылар жүйеде қателік барын айтып, колл-орталыққа қоңырау шала алмай отырғандарына шағымданды.
Ал мемлекеттік кірістер комитеті жауапты департаменттен жағдайға қатысты ақпарат күтіп отырғандарын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін сәуірде банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметін салық органдарына беретіні туралы жазған едік.
Оқыңыз