“Өмір үшбұрышы” көмектеседі, 13 балға дейін жер сілкінеді: Алматыда жер сілкінісі кезінде қандай жалған ақпарат тарады?
Алматыда 23 қаңтарда 5 балдық жер сілкінісі болып, тұрғындардың үрейін ұшырған еді. Абдыраған жұрт осы сәтте әр келген хабарламаны назар сала оқыды. Дегенмен олардың арасында жалған деректер де желдей есті. Әсіресе, “Үйлер құлапты”, “Алда қаланы қирататын жойқын зілзала болады” деген мәліметтер әлі де қызу талқыға түсті. Оның кімнен, қайдан пайда болғаны да белгісіз. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі жер сілкінісі кезінде тараған фейк ақпаратты шолып шықты.
“Зілзала таңғы сағат 5-те жойқын түрде қайталанады”
Осы түні алматылықтардың чаттарында ең көп жіберілген хабарламаның бірі – белгісіз ер адамның хаты. Ол сағат таңғы үште жер сілкінісі жойқын түрде қайталанатыны туралы ақпарат таратқан. Тұрғындардың көбі осы хабарламадан соң суыққа қарамастан таңға дейін сыртта жүрген. Мұнда сағат 3:00-де магнитудасы 13 балға дейін жететін қатты жер асты дүмпулері болады деп хабарланған. Кейін зілзала сағат 5:00-де тағы болады деген хабарламалар тарады.
Осыған байланысты сағат 02:00 шамасында Ұлттық сейсмологиялық бақылау зерттеу ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев алда мегаполисте қатты зілзала болмайтынын, сейсмикалық толқынның жойылғанын жеткізіп, халықты сабырға шақырды.
Бұл ақпаратты Төтенше жағдайлар департаменті дерастап, алда қауіп жоқ екенін жеткізді.
"Жер сілкінісі сағат таңғы 5-те тағы қайталанады деген ақпарат өтірік. Сондықтан барынша сабыр сақтап мамандардың ресми ақпаратын оқыңыздар. Сейсмология институтының болжамды мәліметтері бойынша, алда зілзала қайта болмайды", – деді ведомство.
“Студенттер жатақханасы қирап қалыпты”...
Жер сілкінісі болған соң көпшілік бірден сыртқа шығып, пәтерге қайта кіруге ұзақ уақыт бойы жүрексінді. Себебі түрлі хабарламалар, әсіресе, сол кезде Әл-Фараби даңғылындағы екі көпқабатты үйдің құлағаны туралы ақпарат жұрттың зәресін алды.
Алайда төтенше жағдайлар департаменті бұл күні қалада ешқандай нысанда қирау болмағанын алға тартты.
Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жатақханасының төртінші қабаты құлады деген де мәлімет тарады. Бұл деректерден соң көпшілік студенттердің жағдайына алаңдап кетті.
Фото желі кадрларынан скринделген
Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"№6 және № 8 ҚазҰУ жатақханаларындағы қирау мен құрбандар туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жағдай тұрақты. ЖОО жатақханаларының ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ студенттер де бәрі орнында. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және таратпауларыңызды сұраймыз", – деді министр.
“Астанада да жер сілкінді”
Зілзала кезінде жалған ақпараттың көбейгені соншалық, тіпті жер сілкінісі Астанада да болды дегендер табылды. Мұнда Тұран даңғылындағы пәтерлердің бірінде шамдардың тербелген видеосы желіде тарап кеткен.
Фото желі кадрларынан скринделген
Алайда бұл ақпаратты да құзырлы органдар растамады. Құтқарушылар елордадағы ғимараттар мен құрылыстарды көзбен шолып тексергеннен кейін жер сілкінісі фактілері расталмағанын және зардап шеккендердің тіркелмегенін жеткізді. Ведомство Астанада мүлде жер сілкінісінің болмағанын, мұның Алматыда болған дүмпудің салдары екенін айтып сендірді.
Жер сілкінісі кезінде “өмір үшбұрышы” көмектеседі
23 қаңтарда болған жер сілкінісі көпшіліктің көзін ашқандай болды. Тұрғындар мұндай апат жағдайында қалай әрекет ету керегін білмейтіндерін түсінді. Осы орайда желіде тағы да түрлі кеңестер тарай бастады. Соның бірі “өмір ұшбұрышы” туралы ақпарат.
Мұнда үйдегі жиһаз бен қабырғалардың бұрышы зілзала кезінде ең қауіпсіз орын екені айтылған. Тіпті Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті де бұл әдістің қауіпсіздігін растап, көпшілікке осылай жасауға кеңес берді.
Фото WikiHow
Алайда бұл әдістің тиімділігі жоққа шығарылды. Бұл идеяны сәулет пен геологияға еш қатысы жоқ Дуглас Копп есімді азамат ұсынған екен. Ол жиһаз жанындағы (төсек, диван, үстел, шкаф, және тағы басқа) жерлерде тығылса ғимарат құлаған кезде жиһаз корпусы құлаған төбені ұстап қалып, қауіпсіз қалта жасайтынын айтқан.
Алайда бұл ақпаратты Солтүстік Калифорния құрылысшы инженерлер ассоциациясы, АҚШ геологиялық қызметі, Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі АҚШ федералды агенттігі және басқа да зерттеу орталықтары мен сейсмологиялық қауымдастықтар сынға алып келеді. Олардың пайымдауынша, “Өмір үшбұрышы” әдісі жер сілкінген кезде біршама қауіпті ескермейді. Себебі ауыр жиһаз зілзала кезінде тербеліп оның қозғалысынан адам тапталып қалуы мүмкін. Әдіс тарағаннан бері ешбір ғылыми зерттеу оның тиімділігін дәлелдемеген.
Фото Stan.kz
Фейк таратқан екі азаматша жауапқа тартылды
Қазірдің өзінде желіде алдағы уақытта жойқын жер сілкінісінің болатыны туралы түрлі ақпараттың таралуы тоқтаған жоқ. Осы тұста құзырлы органдар ел азаматтарын жалған ақпараттарға сенбеуге және таратпауға шақырады. Себебі 23 қаңтарда фейк деректер таратқан 29 жастағы әйел мен 18 жастағы бойжеткен жауапқа тартылды.
Алматы қаласының прокуратурасы жер сілкінісі кезінде желілерде, фейк ақпарат таратып жұртшылықты үрейге батырғандардың жазаланатынын жеткізді.
“ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң кодексінің 456-2-бабы 3-бөлігі (онлайн-платформаларды қолданушылардың қоғамдық тәртіпті бұзатын фейк дерек таратуы) бойынша 10 айлық есептік мөлшерінде айыппұл төлейді”, – деді ведомство.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыда қуатты жер сілкінісі болатыны туралы ақпарат тараған еді. Алайда сейсмологтар болжамға түсініктеме беріп, мұны жоққа шығарды.