Елімізде отбасылық зорлық-зомбылықты енді арнайы топ тергейді
Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресу үшін арнайы бөлімше құрылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі IІМ әкімшілік полиция комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
"2023 жылғы 8 желтоқсанда мемлекет басшысының жарлығымен (№409) бекітілген Адам құқығы және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен және мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді", – деді IІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Аға инспектордың мәліметінше, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргенді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр.
"Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа "агрессорды" тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Сонымен қатар оған әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттерін уақытша қарастыру ұсынылады. Сот "агрессордың" денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы болады. Осыған ұқсас ерекше талаптар Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленеді, – деді Ақмарал Серікбаева ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
ІІМ өкілі енді отбасындағы зорлық-зомбылық істерін арнайы полиция тергейтінін жеткізді.
Ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылады. Ол бөлімшелер тек осы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреспен айналысады, – деді аға инспектор.