Үндістанда полицейлер 68 күн тек сумен ораза ұстаған қыздың өлімін тексеріп жатыр.
Би-би-си мәліметінше, Үндістаның оңтүстігіндегі Хайдерабад полицейлері ата-анасының қызға мәжбүрлі түрде ораза ұстатқан-ұстатпағанын анықтау үстінде.
Ата-анасы қыздарының ежелгі нанымдағы джайнизм діні бойынша ерікті түрде ораза ұстағанын айтады.
Арадхана 68 күн бойы тек сумен ораза ұстаған. Ол оразасы біткен соң өткен аптада көз жұмды.
Мамандар адамның тамақ жемей екі ай өмір сүре алатынын айтады.
«Қызымыз өзі “апваас” оразасын ұстауға рұқсат сұрады. Ол тек су ішіп қана ұстайтын оразаның ең қиын түрі. 51-күні біз оразасын тоқтатуды сұрадық. Алайда, ол көнбеді», – дейді әкесі.
Алайда, құқық қорғаушылар мұндай ақталуды қабылдайтын емес.
«Еліміз мынадай сорақылықтың куәсі болды. Адам сенуге болмайтын жағдайлар әлі де қолданылып келеді. Әкесі егер 68 күн сумен ораза ұстаса, бизнесі жақсы жүретінін айтқан. Қызды таңнан кешке дейін не тұз не лимон қоспай тек су ішуге мәжбүрлеген», – дейді белсенділердің бірі Ахут Рао.
Джайнистер ұстанатын дін бойынша «сантар» деп аталатын ораза да бар. Ол бойынша адамдар көз жұму мақсатында әдейі ас-су ішуден бас тартады.