Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай чиптер мен технологиялық өнімдер жасауда қолданылатын өте маңызды екі металды экспорттауға шектеу қояды

Қытай, АҚШ пен Еуропа арасындағы технологиялық сауда соғысы өршіп бара жатқандықтан, телекоммуникация және электромобиль өнеркәсібі үшін өте маңызды екі металдың экспортына шектеу қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қытайдың ұлттық қауіпсіздігін қорғау мақсатында галий мен германий металдары 1 тамыздан бастап экспорттық бақылауға алынады. Осы екі металды экспорттау үшін енді Сауда министрлігінен лицензия алып, шетелдік сатып алушылар мен олардың өтінімдері туралы ақпарат беру қажет болады.

Басылымның жазуынша, Қытай кванттық есептеулер, жасанды интеллект және чип өндірісі бойынша технологиялық артықшылыққа таласуда. АҚШ Қытайдың бұл үстемдігінің алдын алу үшін Еуропа мен Азиядағы одақтастарын қосылуға шақырып, барған сайын агрессивті қадамдар жасауда. Дүниежүзіндегі елдер жеткізу тізбегіндегі шетелдік жабдыққа тәуелділікті азайтуға ұмтылғандықтан, экспортқа шектеулер де енгізілуде.

Recon Analytics LLC талдаушысы Роджер Энтнер шектеу жалғаса берсе, бұл металдардың бағасының өсетінін айтады.

Қытай - электромобиль, қорғаныс және дисплей өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын галий мен германийдің әлемдегі жетекші өндірушісі. Бұл металдар әртүрлі жартылай өткізгіштерді өндіруде маңызды рөл атқарады. Деректерді берудің жоғары жылдамдығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Ұлыбританияның Critical Minerals Intelligence Centre мәліметтері бойынша, Қытай әлемдегі галлий өндірісінің шамамен 94%-на ие.

Талқылау