Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қажетсіз заттың екінші өмірі: Қазақстандық мүсінші Астана күніне арнап теңдессіз экспонат жасап шығарды

Астана — жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қала. Дегенмен, осы ілгерілеу үрдісі аясында шаһардың экологиялық мәселелері кейде ұмыт қалатыны рас. Бұл ретте, аталмыш түйткілдерді шешуге, қоғам назарын осы мәселелерге аударуға  ат салысып жүрген жандар да жоқ емес. Сондай азаматтардың бірі — талантты мүсінші, кинетик Әнуар Шаймергенов. Өнер иесінің қолынан шыққан туындылары қашан да көпшіліктің көңіліне түрлі эмоциялар сыйлап, оң бағасын алады. 

Әнуар Шаймергенов – материалдардың түрі мен пішіндердің формасын таңдау арқылы батыл тәжірибе жасап жүрген мүсінші. Ол өзінің кинетикалық инсталляцияларымен танымал. Атап айтсақ, елордадағы Kulanshi галереясында өткен көрмеде шебердің жұмыстары көрермендер тарапынан қолдау тауып, оң бағаланған еді. Аталмыш дүниелер келушілердің назарын аудартып қана қоймай, бизнес өкілдерінің де қызығушылығын тудырды.

"Бала кезімнен түрлі қолөнер құрылғыларын танып, біліп өстім. Бұл жолда маған ұстаз болған – әкем.  Сол кезден-ақ, түрлі жобаға қатысып, айдаһар, өрмекші, шаян бейнесіндегі сөмкелерді жасайтын едім. Сонымен қатар, ойын-сауық экспонаттары мен батырлардың ұлттық киімдерін әзірлеумен айналысатынмын. Шығармашылыққа деген құштарлығым кинетикалық инсталляциялар жасауға әкелді", -  дейді Әнуар Шаймергенов. 

Әнуардың шығармашылығына үлкен серпіліс әкелген жоба – Астана күніне арнап жасаған кинетикалық экспонаты. Қоршаған ортаның ластануы мәселелеріне алаңдаған шебер, осылайша, теңдессіз бұйым әзірлеп шығарды. Басты идея – өнер туындысына қала тұрмысындағы қалдықтарды пайдалану. Осылайша ол табиғат пен қалалық өмірдің әдемі үйлесімділігін сипаттап отыр. 

"Байқау гүлдер мен экология тақырыптарына байланысты болғандықтан, қаланы көгалдандыру шараларына ерекше тоқталғым келді. Менің пікірімше, табиғат пен қала үйлесімді өмір сүруі керек. Қолына қоқыс арасында өсетін гүл ұстаған робот -мүсін адамдарды үміт отын өшірмеуге үндеп, көрермендерді толғандырады.  Мен өз ісімді жетік білемін, тәжірибем де жетерлік. Алайда, аталмыш жұмысты дайындау барысында біршама техникалық түйткілге тап болдым. Бұл мен үшін шығармашылық демалыс іспетті. Қуаныш пен шабыт, ләззат әкелетін жоба. Келешекте де осы жұмыстарды жалғастырғым келеді", - деп атап өтті Әнуар Шаймерденов. 

Мүсінші осы туындысы арқылы елорда күніне орайластырылған "Гүл шаһары – Астана" атты жарысқа қатысып жатыр. Сайыстың жеңімпазы алдағы күндері белгілі болмақ.  Әнауар болса, конкурстың нәтижесін емес, көрермендер қолдауын  асыға күтіп жүр. 

"Қандай да бір өнер туындысы адамдар бойына эмоция сыйласа, мен үшін басты жеңіс сол. Мәселен, көрермендер экспонатты талқылап, қызығушылықпен тамашалап, ол туралы болжам жасай бастаса, оның өзі жақсы деген сөз.  Өнер – қарым-қатынастың ең әмбебап тілі, мен адамдармен шығармашылық арқылы араласқанды ұнатамын", - дейді Әнуар өзінің байқауға қатысуы туралы.

Осы орайда, автор өз идеясын жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсеткен Jusan Bank-ке де алғысын білдірді.

"Осы мүсінді жасауға Jusan маған жан-жақты қолдау көрсетті. Осындай ірі қаржы ұйымының заманауи өнерге көңіл бөлетінін шынымен бағалаймын. Банктің бас кеңсесіндегі Jusan Vibe галереясы бизнес пен өнердің өзара әрекеттеуінің керемет үлгісі болса керек", - деді ол.

Әнуардың ойында әлі көптеген идея мен жобаларды жүзеге асыру бар. Технологиялар келешекте табиғатты сақтауға және оны қалпына келтіруге қызмет ететініне сенімі мол. Сонымен қатар, суретші өскелең ұрпақты қоршаған орта мен табиғаттың маңыздылығы туралы ойлауға шабыттандырамын деген үмітте. Сол себепті  шығармашылық ойлау мен мәдениетті дамыту мақсатында шығармашылық байқауларды жиі ұйымдастыруға шақырады.

"Менің мақсатым - жоғары нәтижелерге қол жеткізу, әлемдік деңгейде танылу және жастарымызға шабыт беру. Мен нағыз таңғажайып өнер туындыларын жасайтын түрлі кәсіби жабдықтары бар үлкен технологиялық шеберханам болғанын армандаймын. Бұл азаматтардың қоршаған ортаға тек қана оң әсер етуін түсінуге көмектеседі", - деп өз сөзін түйіндеді Әнуар.
STAN.KZ
Сәрсенбі, 05 Шілде, 2023 15:05