Іздеуде жүрген Оператор РОП бұрынғы құрылтайшысы Біріккен Араб Әмірлігінде ұсталды
Іздеуде жүрген "ӨКМ Операторы" ЖШС-ның бұрынғы құрылтайшысы Біріккен Араб Әмірлігінде ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұған дейін "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Ш.Мұқтароваға аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен халықаралық іздеу жариялаған болатын. Ол Дубай қаласында ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары қамауға алды", – делінген Антикор хабарламасында.
Қазір Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны экстрадициялау рәсімін жүзеге асырып жатыр.
Бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты "ӨКМ Операторы" басшылары мен бұрынғы Экология вице-министріне үкім шығарғаны туралы жазған болатынбыз.
Айта кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.
2022 жылы 26 қаңтарда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды.
Сол күні "ӨКМ Оператор" ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылып, елорданың Есіл аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, "ӨКМ Операторы" басшылығы шенеуніктермен бірлесіп, 180 млрд теңге жымқырмақ болған.