Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тастамаймын деп уәде беремін": Семейде 11 жасар бала мүгедектігі бар анасы мен інісіне бас-көз болып отыр

Семей қаласында тұратын екі баласы бар жалғызбасты ана Маржан Тілеуханова 2016 жылы жол-көлік апаты салдарынан ауыр жарақат алған. Әйелдің сегізкөзіне ота жасалып, темір қойылыпты. Алайда отбасындағы балалардың жалғыз қамқоршысына мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындалмай отыр. Қаладағы №6 емхананың ревматолог дәрігерлері нақты диагноз қоя алмай, науқасты әбден әбігерге салған. Stan.kz тілшісі әйелдің қазіргі денсаулығы мен отбасы жайлы сұрап білді. 

Фото Instagram желісінен

Маржан Тілеуханова Абай облысы, Күршім ауданы, Марқакөл ауылында туып-өскен. Ол 18 жасында тұрмысқа шығып, аяғы ауыр кезінде жол-көлік апатына түcкен. Сол кезде әйелдің жамбас сүйегі жарақаттанып, сегізкөзіне темір қойылған. Әйел уақытында тиісті ем қабылдамаған. Бұған қоса, оның құрсағындағы шарана ірі болғандықтан, босанар кезде айтарлықтай салмақ түсіп, жамбас буындары босаған көрінеді. 

Дегенмен жүкті әйел босанбас бұрын бірнеше мәрте жамбас тұсындағы қатты ауырсынуға байланысты гинеколог-дәрігерлерге жүгінеді. Дәрігерлер бұл іштегі нәрестенің ірі болуынан деп түсіндіріп, шығарып салған. Дер кезінде қажет ем қабылдамаған Маржанның денсаулығы сыр бере бастайды. Қазір оның екі аяғы жүруден қалған. Балдақтың көмегімен ғана қозғалады. Ота жасатуы керек. 

Маржан Тілеуханованың айтуынша, өзінің дертінен бөлек қос ұлының денсаулығы да көңіл бөлуді талап етеді. 

"Кенже баламның жасы 3-те. Жолдасым жоқ. Себебі кіші балам дүниеге келген кезде көп ауырды. Жылап, түнімен ұйқы бермейтін. Баланың басы қысылып, көп ауыратын. Күйеуім қиындыққа шыдамай, мені тастап кетті. Мұны айтпас бұрын "не бала, не мен?" деп шарт қойды. Қай ана өз баласын тастап кетеді? Әрине, екіншісін таңдадым. Баламмен қаламын дедім. Қалауыңды істеп, бара бер дедім. Бүгінде алиментті тек кенже балама төлейді. Үлкен ұлымның әкесі жоқ", – деді әйел.

Әйелде І дәрежелі жамбас остеоартриті болса, үлкен ұлында 1 сатыдағы аденоид, яғни көмекей безінің шамадан тыс ұлғаюынан ол тыныс алуына кедергі келтіреді. 

Айта кетсек, желіде "Человек в маске" нигімен танымал бейтаныс адам отбасына үй беріп, қуаныш сыйлағаны қалың көпке белгілі. Бетпердедегі адам әйелдің отбасына Семей қаласынан 3 бөлмелі пәтер сыйлады. Бұған дейін бұл отбасы қала шетіндегі екі бөлмелі лашықта күнелткен.

Маржан Тілеуханованың айтуынша, бастапқыда отбасы бөлмені 40 мың теңгеге жалдап тұрған. Кейде отбасының төлеуге қаражаты болмаған кездер де болған.

"Сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Әлі күнге дейін сене алар емеспін. Әуелде пәтер сыйлады деп айтқанда сенбедім. Қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымызда шек болмады. Бәрінен бұрын қос құлыншағым мәз. Себебі балаларым мұндай жайлылықта тұрып көрмеген. Мұның бәрі "Человек в маске" мен Ержан Амирхановтың ұйымдастыруының арқасында болып отыр. Олар болмаса, біз әлі де лашықта күнелтетін едік. Осы жылдар ішінде бізге көмектескен адамдардың бәріне алғысым шексіз", – деді Маржан Тілеуханова. 

Маржан Тілеуханованың аяқ-қолы дұрыс жұмыс істемей, орнынан тұра алмай қалған кезде оның ата-анасы ауылдан көшіп келген. 

"Әке-шешем ауылдағы үйді сатып, жалға алған пәтердің қасына келіп тұрды. Дәрі-дәрмегімді алып беріп, еміме көмектесіп келді. Қазір жаңадан қоныстанған үйде бірге тұрып жатырмыз. Анам сол кезде үйдің жанындағы дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеді. Әкем екеуі бар тапқан-таянғанын бізге беріп тұрды. Дәрі-дәрмегіме аптасына 50 мың теңге кетті", – деді жалғызбасты ана.

Ал ұлы Азамат 6-сыныпта оқып жатыр. Анасының айтуынша, сабаққа зейіні өте жақсы. Азамат анасын қиын сәтте тастап кетпейтінін айтып, уәде берді. Сонымен қатар ол үй сыйлаған кездегі әсерін айтып берді.

"Басты арманым – анам орнынан тұрып, денсаулығы оңалып кетсе екен. Анам бауырым екеумізден бар жақсыны аямайды. Бауырымның балабақшаға барып, тілі шығып және білім алғанын армандаймын. Бұған дейінгі үйде от жағып, көмір таситынмын. Қазір де ауыр заттарды өзім көтеріп, анама ауыртпашылық салмаймын. Себебі анамның жүріп-тұруы өте қиын. Бізге қуаныш сыйлап, пәтер берген кісіге шын жүректен алғысымды жеткіземін. Егер ол адам болмаса, не істерімізді білмейтін едік. Үйдің кілтін дәл менің қолыма ұстатқанда, қатты уайымдап кеттім. Сол кезде жылап қалдым. Тіпті, достарым мен сыныптастарып желіден бізді көріп "сендерге үй беріпті ғой", "сені видеодан көрдік" деп таңданыстарын жасырмады. Ал мектепте мұғалімдерім видеоны көрсе де, маған ешнәрсе айтпады", – деді Маржан Тілеуханованың ұлы Азамат.

Фото Маржан Тілеуханованың жеке архивінен

"Үлкен ұлыма ота жасалуы керек. Денсаулығыма байланысты үлкен ұлыммен баратын адам жоқ. Қарайтын адам керек қой. Сондықтан отасын кейінге қалдырдық. Оған дейін дәрі-дәрмекпен емдеп көреміз деді. Десе де, ұлымның операцияға жатқанын қаламаймын. Себебі өзім ауыр ота жасатқан соң, баламның да қиналғанын көргім келмейді", – деді Маржан Тілеуханова.

Қазір әйел мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны ала алмай отыр. Семей қаласындағы №6 емханада анализдер тапсырса да нақты диагноз қойып бере алмайтынын сылтау етіп, 4-5 ай күту керек екенін айтқан.

"Ең бірінші, теміржол маңындағы ауруханаға қаралып жүрдім. Кейіннен №6 емханада ұлдарым тіркелгендіктен, сол жаққа ауыстым. Себебі ата-ана балалары қайда тіркелсе, сонда ауысуы қажет екен. Сол емхана анда-мұнда қаратып, анализдер тапсыртқызды. Олардың ойынша, ауруым 1-деңгейде болғандықтан, мұндай күрделі күйде ауырмауы керек екен. Ревматолог "так не должно болеть" деп айтты. Нақты диагноз қойып бере алмады", – деді Маржан Тілеуханова.

Алайда әйелдің сөзінше, қазан айынан бері 4 ай өткен. Емхана дәрігерлері әйелге хабарласпаған және жәрдемақы туралы әңгіменің ұшы да шықпаған.

Желідегі қызу талқылаудан соң №6 емхана жаңа үй орналасқан тұрғылықты мекенжайға ауысуын талап еткен. 

Мәліметтер бойынша, қазан айынан бері ол емханада ревматолог дәрігер қызметінде болмаған.

Бұл мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліне жазып, әйелдің қазіргі денсаулығы мен ахуалын айтып сұраныс жібердік. Министрліктің айтуынша, оларға жәрдемақы тағайындау бойынша ұсынысты денсаулық сақтау министрлігі жіберуі қажет екен. Сол уақытта ғана мүгедіктігі бойынша жәрдемақы беріледі. Осыдан кейін денсаулық сақтау министрлігіне сұраныс жіберген едік, алайда жауап ала алмадық.

Осы ретте қаладағы №6 емхананың бас дәрігері Ақтолқын Каметова сол ауруханада қаралғанын және қандай диагноз қойылғаны туралы ақпарат берді.

“Бастапқы жалпыланған остеоартрит. Ірі буындардың басым зақымданған полиостеоартриті, 2 сатыдағы рент, синовитсіз, өршу, НФС-2, ауырсыну синдромы бар. Төменгі арқадағы, жамбас буындарындағы, сол жақтағы, тізе буындарындағы тұрақты, ауырсыну, қозғалыс шектелген, сүйек ауруы туралы шағымдары болған”, – деді бас дәрігер.

Сонымен қатар бас дәрігер Маржан Тілеуханована емхана тарапынан тиісті медициналық көмек берілгенін және сараптамаларды тегін тапсырғанын атап өтті.

“Қазіргі таңда І дәрежелі жамбас остеоартриті диагнозымен мүгедектік жәрдемақысын алуға мүмкіндігі жоқ. Ал қазір ол науқас біздің ауданнан көшіп кеткендіктен, емханаға жету өте қиынға соғады. Сондықтан ол өзінің тұрғылықты жері бойынша тіркелуі керек”, –деді Ақтолқын Каметова.

№6 емхананың бас дәрігері Ақтолқын Каметова оның басқа қалаға барып емделгісі келсе, кез келген емхана медицина жолдамасын бере алатынын баса айтты.

“Жол шығынын өтей алса, жолдаманы кез келген емхана бере алады. Сондықтан направление алып, барамын, қараламын десе өз еркі. Ол кісінің сегізкөзінде металл конструкциясы болғандықтан, өмір бойы МРТ-ға түсе алмайды”, – деді дәрігер.

Маржан Тілеухановаға таяуда шымкенттік травматолог Марат Құдайбергенов есімді дәрігер хабарласқанын айтты.

"Еміме көместесемін деді. Мені Семейде МРТ-ға түсірмегендіктен, ол дәрігерге сарапталамаларды өткізе алмадым. Семейлік дәрігерлер менде темір болғандықтан, аппарат істен шығып қалады деп түсірмей қойды. Дәрігер Шымкентке шақырып, анализдердің бәрін қайта тапсыратынымызды айтты. Сол кезде аяғымның не себепті жүруден бас тартқанын анықтап беремін деді", – деп түсіндірді Маржан.

Маржан Тілеухановаға көмектесемін деушілер мына банк реквизиттерін (әкесінің шоты) пайдалана алады. Себебі әйелдің шоты бұғатталған. 

Әдішев Әбілқасым Тлеуқанұлы
АО Kaspi Bank
CASPKZKA
KZ74722C000044399605.

Талқылау