Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жылқыға соғылған көлік: Алматы облысында сұмдық апатқа ұшырағандар болған жайтты айтып берді

Алматы облысында 17 қыркүйекте Талғар-Ақбұлақ тасжолында келе жатқан көлік жылқыға соғылып, салдарынан көлікте отырған 14 жасар қыз тіл тартпай кеткен еді. Ал көлікте болған тағы 7 адам ауруханаға жеткізілген. Апат салдарынан көз жұмған қыздың анасының аяғы ауыр екен. Ол қызының өлімі туралы әлі білмейді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алматы облысында сұмдық апатқа себепкер болған жылқының иесі іздестіріліп жатыр

Барлығы 8 адам мінген көлік қалаға келе жатқанда аяқ астынан ағаштардың арасынан жылқы жүгіріп шыққан. Жылқыға соғылған көлік оны 40 метр жерге сүйреп барып, ағашқа соғылып бір-ақ тоқтаған.

Алдынан шыққан көлікке қос тұяғын сермей атылған жылқы көліктің алдыңғы әйнегін сындырып, алдынла отырған жүргізуші мен 14 жастағы қызды басып қалыпты. Салдарынан Алина Азаматқызы тіл тартпай кеткен.

«Айша деген қыздың сан жілігі сынған. Бетінде жарақаттары болған. Қалған балалардың бастарына рентген түсірдік. Ешқандай сынық  көрмедік. Үшеуінде жабық ми жарақаты бар», – дейді Талғар қаласы орталық ауруханасының травматологы Айнабек Төлеубай.

Көз жұмған 14 жастағы қыздың  анасы Гүлзада Бегімбетованың апат салдарынан миы шайқалып, бет сүйектері сынған екен. Жүктілігінің 6 айында жүрген әйел тұңғышының мерт болғанынан әлі естімеген.

«Қызым ес-түссіз жатты. Әрі-бері жүгіре бердім. Сонан кейін бір көлік келді. Жүргізушісінен жедел жәрдем  шақырып жіберуін сұрадым», – дейді зардап шегуші Гүлзада Бегімбетова.

Ал апат кезінде көлікті тізгіндеген Медғат жол жиегінде мал жайған бақташының әрекетіне ашуланып отыр. Ол бақташының оқиға орнына қашып кеткенін көрген.

«Мені қысып тастады. Талып қалдым. Жылқы жерге түскенде есімді жидым. Өкпем ашылып, қайта ояндым.Жылқы үстімде тұра берсе, өліп кетуім мүмкін еді.Ол қарап тұрды. Артынша қашып кетті», – дейді  көлік жүргізушісі Медғат Бектұров.

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция тасжолға шығып кеткен жылқының иесін іздестіруде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау