Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жануарларды қинап, обалына қалу”: Қоғам белсенділері қазақстандықтарды цирктен бас тартуға шақыруда

“Елімізге цирк қажет емес!”. Соңғы уақытта қоғам белсенділері осылай деп дабыл қағуда. Жұрт жанайқайларын әлеуметтік желілерде жүктеп, ұрандатуда. Себебі жан-жануарлар сахнада өте икемді әрі ақылды көрінгенімен, баулу кезінде әбден таяққа жығылады. Тіпті, сахнаның өзінде әртістер таяқшаларының басындағы инемен түртіп, үркітетін көрінеді. Осылайша, қажетті әрекет-қимылдарды жасатады екен. Қазір қоғам белсенділері жануарларды қинау, обалына қалу, қиянат деп жарыса жазып, цирктердің аса қажет еместігін айтуда.

"Жануарларды қинап, обалына қалу": Қоғам белсенділері қазақстандықтарды цирктен бас тартуға шақыруда

Бүгінде хайуандарды аяусыз қинаған жаттықтырушылардың адам шошырлық әрекеттерін айтып, көпшілік желіні толтыруда. Олар “сахнаның бергі жағындағы көрініс пен арғы жағындағы жағдай үйлеспейді. Бәрі тек ақша табудың амалы, деп ашынуда, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Меніңше, циркте жарты сағаттық, бір сағат ләззәт үшін жануарларды қинаудың қажеті жоқ деп ойлаймын».
«Жоқ, дұрыс деп ойламаймын. Сахнаға дейін олар оларды үйретіп, қинайды».

Астаналық цирктің әртісі Әйгерім Тілегенова қаңқу сөзге ермеу қажеттігін айтады. Себебі «таяққа жығылған тағы ешқашан да үйретушіге ілеспейді. Оның көрсеткен әдіс-тәсілдерін қайталауы да қиын», дейді.

«Бұл жануарларды біз қор қылып жатқан жоқпыз. Ең жанашыр адам цирк әлеміндегі адамдар ең жанашыр адам. Бұл жерде сыртта шулап жүрген халық емес», – дейді әртіс Әйгерім Тілегенова.

Ал мамандардың сөзінше, «жергілікті циркте жануарларға барлық жағдай жасалған. Жылына олардан екі рет қан алынып, 7 ауру түріне тексеріледі екен. Себебі, әлем сахналарында өнер көрсететін жануарлар бар.Сондықтан, түз тағыларына еш қауіп жоқ, ал оларды таяққа жығу деген шындыққа жанаспайтын әңгіме», деп сендіреді.

«Міндетті түрде екпе салынады. Жануарларға жылына екі рет салынады. Біздің жануарлар шетелге шығып жүр. Шетелге шыққан кезде Халықаралық эпизодтық бюро бар. Барлық жануарларды тексеріп, қадағалап отыратын үлкен ветеринарлық ұйым бар», – дейді «Астаналық цирктің» бас ветеринар дәрігері Нұрлан Қасембаев.

Бүгінде қоғам белсенділері еліміз цирктен бас тарту керек деген пікірді жиі көтеріп жүр. Оған себеп көп. Олардың сөзінше, жан-жануарларды баулу кезінде ұрып-соғу көбейген. Қазір әлемде цирк алаңында жануарларды қолданудан бас тартқан 50 мемлекет бар.

Астаналық циркті 8 жыл бойы басқарып келе жатқан белгілі актер Ерік Жолжақсынов «хайуандарсыз өнер көрсетуді көзге елестету мүмкін емес» деген пікірде. Себебі «көнеден тамырын кең жайған ілкімді іс балалар үшін тағылымды дүние.Оларды ұрып-соғу деген бос әңгіме», дейді.

«Цирк деген осындай жан-жануарлармен болуы керек. Ал жан-жануарсыз әрине қиын болады. Өйткені біздің негізгі мақсатымыз – бала-шағаны тәрбиелеу. Соны көріп, кішкентай балада сүйіспеншілік пайда болады. Жануарларды соғады дейді. Мен 8 жыл болды бір жануарды соққанын көрген емеспін», – дейді «Астаналық цирктің» директоры Ерік Жолжақсынов.

Ал, қоғам белсенділері жануарларды ұрып-соғып үйрету қай жерде де бар екенін алға тартып отыр. «Түзде еркін жүрген тағыларды торда қамап ұстау да қатыгездік. Тар қапастағы аңдарға тіпті обал», дейді олар. Сондай-ақ, акробаттар мен жануарлардың биікке өрмелеуі сияқты қауіпті тюрктер көрерменге тек қорқыныш сыйлайды. Одан халықта күйзеліс пайда болады, дейді.

«Қазір заман өзгерді. Технология дамыды. Осыған сай адамдардың да санасы көп өзгерген, жетілген. Қазір балалардың өзі оны көруден қалып бара жатыр. Өйткені цирктің көрсететін түрлі сиқырлары, фокустары ешкімді нандыра алмайды. Оған 5 жастағы бала да сенбейді», – дейді қоғам қайраткері Қуандық Шамақайұлы.

Қоғам қайраткерлерінің ойынша, бүгінде цирктен көрермен жырақтап барады. Сондықтан, бұл өнер саласының шығыны таудай болғанымен, өзін-өзі мүлдем ақтамайды. Бюджеттегі қаражатты құр кетірмес үшін салаға тың реформалар қажет. Десе де, өнерде қатыгездіктің болуының өзі қателік, дейді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау