Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда вандалдардан шошыған жұрт бейіт басына түнеді

Павлодар облысында ескі молаларды тонау тыйылмай тұр. Биыл әсіресе темір қоршауларды ұрлап саудалайтындар көбейген. Тіпті тұрғындардың өзі қарақшылардың бірін ұстап, полицияға тапсырыпты. Ал күдіктіні қамамай қойған тәртіп сақшыларына жұрттың өкпесі қара қазандай. Енді олар бейіт басында түнеуден басқа амал таппай отыр, – деп хабарлайды “КТК” арнасы.

17029

Мұса Байғабылов туыстары жерленген бұл зиратқа жиі келеді. Ата-бабалары жатқан қорым қоршаусыз қалып, төрт түлік таптап жатыр деп налиды.

“Тепсе темір үзетін жігіттер. Бұл не деген масқара? Сондықтан бұлардың енді жазасын да беру керек, оның үстіне мәйітті орнына қалпына келтіріп беруді тілейміз”, – дейді Әйтей батыр ауылының тұрғыны Мұса Байғабылов.

Лебяжі ауданындағы өзге елді мекендерде де жағдай осындай. Түн батқанда қарақшылар темір қоршаулармен қоса, мола есіктерін де жұлып әкететін көрінеді. Ал соңғы қылмысты өздері әшкерелеген ауылдықтар бұзақыны қуып жетіп, полицияға тапсырыпты.

“Бірінші рет емес. Қолында кувалда, балға бар екен, сым қиятын жуан қайшы бар екен. Міне осымен ұстады, біздің ауылдың жастары күзетіп ұстады. Енді жүз шақырым жер қаша ма, егер ұрламаса?” – дейді Әйтей батыр ауылының тұрғыны Таңат Байжанов.

Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіден айғақ таппаған тәртіп сақшылары ешқайда шықпауын ескертіп, үйіне қоя беріпті.

“Зират басында қазып алған темір бөлшектер сол жерде қалған. Өйткені өзінің арам ойын ол аяқтай алмаған. 32 жастағы азаматқа айыппұл салынуы мүмкін немесе шартты түрде бас бостандығынан айырылуы мүмкін”, – дейді Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.

Аудан басшыларының да ескі қорымдарға күзет қоймасын түсінген жұрт енді кімге барып шағымданарын білмейді.


Оқи отырыңыз:

Жамбыл облысында бейіт басындағы жасанды көлдің кесірінен қорымдар қираған

Елбасы Мәскеуде Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қойды (фото)

Қызылордадағы “Қағба” басына барып, қасиетті құдықтың суынан шипа іздеушілер көп (фото)

Оңтүстік Қазақстанда қаскөйлер мазарларды қиратып жатыр

 

Талқылау