Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда қалың шалбар киген оқушыны ұстаздары ерекше жазалаған

Павлодар қаласында № 30 мектептің әлеуметтік педагогы «дұрыс киінбеген» 5-сыныптың оқушысын мектеп сыныптарын аралату әдісі арқылы тәртіпке салмақ болған. Осыған байланысты оқушының анасы прокуратураға шағым түсірген.

images-cms-image-000026318

Сурет www.do3.ru сайтынан алынды

Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

Бесінші сыныпта оқитын баласын қалың шалбар киіп барғаны үшін жазалағаны үшін, оқушының анасы прокуратураға шағым түсірген. Аталған оқиға №30 орта мектепте болған. Қалың шалбар киіп барған оқушыны бірнеше сыныпқа апарып аралатқан. Содан соң бала мектепке барғысы келмей қалған. Ал аталған оқу ордасының директоры Ажар Текжанова оқушыны мұғалім мазақ ету үшін емес, өзгелерге үлгі қылу үшін жүргізген дейді.

Бүгін әлеуметтік желілерде № 30 мектептің 5-сынып оқушысының киген шалбары үшін сыныптастары мен мектеп ұстаздары тарапынан мазаққа ұшырағаны туралы ақпарат пайда болды.

Әлеуметтік желілердің авторларының айтуынша, мектеп директорының орынбасары барлық сыныптарға оқушымен бірге кіріп: «Мына баланың киінгеніне қараңдаршы» деген.

Болған жағдайдан кейін бала үйге қайтып, енді мектеп табалдырығын аттамайтынын және оны барлығы жек көретінін айтқан. Бұл жағдайға қатысты № 30 мектептің директоры Ажар Текжанованың агенттікке берген сұхбатында әлеуметтік педагогтың шынымен де қысқы шалбар киген оқушыға сынып аралатқаны расталды.

Бірақ мұндағы мақсат – баланың киген шалбарын көрсету емес, керісінше, мектеп оқушыларының қалай киіну қажет екенінен үлгі алуды насихаттау болған.

“2012 жылғы қала әкімдігі қаулысымен бекітілгендей, мектеп жарғысына сәйкес оқушылар мектеп формасын киюге тиісті. Оқушылар белгіленген стильді ұстану керек. Біздің әлеуметтік педагог жұмысын сыныптарды аралаумен бастайды. Оқушылардың киімін қарап, сабаққа келмей қалғандарды қағазға түртеді. Өкінішке орай бұл оқушы 1-қыркүйектен бастап мектеп формасын киюден бас тартқан. Ол ұзақ уақыт бойы джинсы шалбары мен капюшоны бар жемпір киіп жүрген. Ал екінші тоқсан бойы қызыл спорттық киімді тастамады. Бала барлық сауалға: «Анам қысқы шалбарды киіп жүр, әйтпесе ауырып қаласың деп айтты» деген жауап қайтарады. Біз оған мектепке шалбармен кел, бірақ ауыстырып отыр дегенбіз. Бірақ еш нәтиже жоқ”, – деді мектеп директоры.

Ажар Текжанованың айтуынша, баланың жанұясы әлеуметтік әлсіз топқа жатпайды. – Оқушы басқалары сатып алуға шамасы жетпейтін қымбат ұялы телефон қолданады. Оның анасына келетін болсақ, балаларым қалай киінгісі келетінін өздері шешеді деген пікірді ұстанады. Біздің мектепте осы оқушының әпкелері да оқыған. Олармен де осыған ұқсас жағдай болған”, – деді Ажар Текжанова. Мектеп басшысының хабарлауынша, қазіргі уақытта ұстаздар туындаған мәселенің шешімін табуға тырысуда. Оқушының анасына телефон шалғанмен, анасы байланысқа шықпай отыр.

Ал оқушының анасы Рымгүл Қоғамбаева өзіне ешкімнің хабарласпағанын айтады.

“Оның сырт келбетіне қатысты ешқандай ескерту жасалған емес. Мен жынды емеспін, баланың мектепке қара шалбар, ақ көйлек киіп бару керек екенін білемін. Менің ұлым сабаққа спорттық шалбармен барған жоқ. Шалбары қара, ешқандай өрнексіз. Мұғалімдерге оның қалың болғаны ұнамаса керек. Артур өте тоңғақ. Сәл жаураса ауырады. Сондықтан мен оны қалың киіндіремін”, – дейді анасы.

Оқушы математика пәнінің мұғалімі оған қол көтерген соң, мектепке барғысы келмейтінін айтқан. “Мен оны жасытқандарын қаламаймын. Мұғалімдер оның бала екенін түсінуі тиіс. Балам алты сыныпты аралатқанын айтып, үйге жылап келді. Міне, көрдіңдер ме ол қалай киінеді деп айтқан. Ал оған әрине, бүкіл оқушылар күлген. Ал келесі күні математика пәнінің мұғалімі оны желкесінен ұрған. Осыдан соң ол мектепке барғысы келмеді”, – дейді шағымданған ана.

№30 орта мектептің директоры Ажар Текжанова, мұндай оқиғаның орын алуы мүмкін емес дейді.

“Мен оны басынан ұрды деп ойламаймын. Мұндай оқиғаны бірінші рет естіп тұрмын. Мен бұл жағдайды өзім қадағалаймын. Бала дүйсенбі күні сабаққа келмей қалды, бүгін де жоқ. Сынып жетекшісі оның үйіне кетті. Анасы келісімге келер емес. Негізі, оның анасы тарапынан да, баласы тарапынан да ресми шағым түскен жоқ”, – дейді директор.

Мектеп директоры оқушыны жазалаған осы оқиғадан соң мұғалімге сөгіс жариялағанын да айтты.

Талқылау