Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық сағаттар шығарған жас бизнесмен су, электр және адам ресурсын үнемдейтін жылыжай салуда

Мемлекет бизнесті дамытуға, әсіресе, орта және шағын бизнестің көсегесін көгертуге әркез демеу болып келе жатыр. Мемлекет жасап берген игілікті бағдарламаның арқасында талай кәсіпкердің тіршілігі оңалып, несібесі артты.

702f02b1faa9cf3eda351dd5d11591d9

Қазір елімізде бизнесмендердің жаңа бір толқыны қалыптасуда. Олар тәуелсіздікпен құрдас туғандар. Солардың бірі – Арман Тосқанбаев. «Отан» атауымен брендтік сағаттар шығарып, сол сағатты президенттің өзі білегіне таққаны бар еді былтыр, деп жазады baq.kz.

Осының өзі-ақ Арманның бизнес әлемінде біразды мойындатқанын, жас болса да биік белестерді бағындырып үлгергенін байқататындай. Бірақ, бір кәсіппен тоқталып қалатын Арман жоқ. Шамасы жетсе бірнеше саланың құлағын ұстап, қал-қадірі жеткенше бизнесті жан-жақты бағытта дамытуға құштар. Мәселен, 2-3 жыл бұрын мал азығын дайындап беретін құрылғыларды жасап, ерекше сарындағы бизнесті жолға қоя бастады. Оның бұл бастамасына мемлекет те көмек беріп, 3 млн теңгенің грантын сыйға тартқан. Одан кейін тағы бір тың саланың тынысын ашуға белсене кірісіп кетіпті. Тіпті жуырда Италияда өзінің кітабының тұсаукесерін де жасап келген. Талантты, табысты жаспен біз де пікірлесіп көрдік, көп нәрсе түйсіндік. Ендеше, Арманның бастамаларымен сіздер де таныс бола отырыңыздар.

dfcc784f0541979e53770a8281dc0ad5

Арман, өзің бірер жыл бұрын қолға алған гидропондық әдіспен өсімдік өсіру туралы идея қалай туындап жүр? Мұндай әдістің ерекшелігі неде?

Мен Ресейде жүрген кезімде осы идеяға қатты қызығып, еліміздің сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке хат жолдаған болатынмын. Ол кісі өтінішіме құлақ асып, мені Қарағанды облыстық ауылшаруашылық басқармасына жіберді. Ал ол жақтағы басшылар қолдап, үлкен мотивация беріп, қолдан келгенше көмекті аямайтындарын айтты. Негізінде бизнесті енді бастап, қолға алып жатқан жастар үшін жәй сөзбен қолдаудың өзі кейде шешуші рөл ойнап кетеді. Сондықтан мен осындай рухани қолдаудың өзіне қатты риза болдым. Ал Ресейден келген кезде бұл істі бастап, бір жолға қоюға маған әкем көмектесті. Өйткені, онымен арнайы айналысып отыруға менің уақытым болған жоқ. Әкемнің бастамасымен жасалған тәжірибелер сәтті өтіп, алғашқы нәтижелерді де көп ұзамай көре бастадық. Одан кейін біз жол картасы бағдарламасы аясында 3 млн теңге грант алған болатынбыз. Ол грантқа тек құрал-жабдықтар ғана сатып алып, ең алғаш рет мал азығын дайындайтын құрылғылар жасап шығардық. Яғни, ол құрылғылар ауылшаруашылық жағдайында қысы-жазы жасыл шөп өсіріп шығуға мүмкіндік береді. Топырақты қажет етпей-ақ.

Бұл құрылғының саймандары қайда жасалып шығады және бұл өнімдерге шет елден ұсыныс бар ма?

Қазір бұл бизнесімізге патент алдық, бірақ мен мұны біздің елімізде жаңалық деп айта алмаймын. Өйткені, бұл Кеңес Одағы кезінде 70 жылдардан бастап дамыған. Ондай кәсіпорындар Атырау, Шымкент қалаларында бар. Бірақ, өзімізге тән ерекшеліктеріміз де бар, біріншіден сапа тұрғысынан өзге кәсіпорындардан еш кем түспейміз, екіншіден бағамыз да 2-3 есе арзан. Біздің құрылғылардың металдық құрал-жабдықтары, бөлшектерінің барлығын Қазақстанда шығарамыз. Ал электроникаға қатысты жабдықтарды шетелден алдыртамыз. Бәсекелестеріміз болса барлығын дерлік шетелден сатып алады немесе дайын конструкцияны алып келіп Қазақстан нарығына енгізеді. Көрші Ресеймен салыстырғанда біздің құрал-жабдықтар үш есе арзан. Бізге Ресей, Қырғызстан, Украинадан кәсіпкерлер хабарласып, құрылғыларымызды сатып алғысы келеді. Бірақ, біздің экспорттық процедуралардың қиындығы және қымбаттығына байланысты оларды сату қиынға түседі. Мысалы, Ресей мемлекетін алатын болсақ оларда экспортқа шыққан заттарға мемлекет субсидия бөледі, соның арқасында олардың шығындары кішкене азырақ болады. Ал біз Ресейге өзіміздің құрал-жабдықтарымызды апарғанда үш есе қымбаттайды да, бағасы ресейлік жабдықтармен тең болып шығады. Сондықтан біз әзірше Қазақстанда ғана сатамыз.

Топырақты керек етпейді дедің. Сонда жасанды түрде шөп өсіру процесі қалай жүзеге асады? Қарапайым оқырманға түсінікті етіп әңгімелеп берші?

Мал азығына қолданатын шөп, бұл өсіп кеткен дәнді дақылдар. Арпа, бидай деген дәнді дақылдар 7-8 күннің ішінде судың арқасында 15-20 сантиметр болып өсіп шығады жасыл шөп болып. Оған ол жерде ешқандай топырақ қолданылмайды. 3 сантиметр қалыңдықта дәндер жайылады, төселеді. Сосын белгілі бір режим бойынша оған су жіберіліп тұрады. Тағы да басқа өзінің технологиялық процестері бар. Осылайша ол 8 күннің ішінде-ақ 15-20 см-ге биіктейді. Ең бастысы бұл жерде су мен жылу болуы керек. Көбісі мұндай процесті жасап шығу үшін арнаулы жылыжай керек деп ойлайды. Бірақ, бұған жылыжай керек емес, мұны жертөледе де, қорада да жасай беруге болады. Ал біздің жасап шыққан құрылғыларымызды көбінесе Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Ақмола облыстарының шаруалары сатып алады. Ал қалған облыстардың әзірше бұған қызығушылықтары аса жоғары емес. Десе де дәл қазіргі сәттегі сатылымы біздің көңілімізден шығады. Дегенмен, халық әлі де болса бұл құрылғылардың пайдасын түсінбей жатқан сыңайлы. Яғни, осыны сатып алу арқылы мал шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыра түсуге болады. Мысалы, осы құрылғы өсірген шөпті қолдану арқылы малдың 20 пайызға сүті көбейеді, 15 пайызға еті ұлғаяды. Өзіңіз білесіз, әсіресе көктем мен қыс кезінде дәрумен жетіспей, малдар әлсіреп кетеді. Ал мына гидропондық әдіс, яғни, дәннен өсіп шыққан жасыл шөп малдың бойына қуат сыйлап, оның ет пен сүт өнімділігін арттыруға орасан зор пайдасын тигізеді. Және осы шөпті жеген мал ауырмайды. Біз өз өнімімізді саудаламас бұрын, адамдарға үйретіп, көрсетеміз, оларға арнайы бейнероликтер де жібереміз.

Осы қауырт шаруалардың барлығын жалғыз өзің атқарып жатырсың ба, әлде қасыңда ой қосатын, қолдаушы серіктестерің бар ма?

Менің өзімнің жоғарғы білімім жоқ. Қазіргі жетістігімнің барлығы бизнеске араласуыммен, өз бетімше үйренумен келген тәжірибеден туындап отыр. Бизнес саласында Диас Тастанбеков деген серіктесім бар. Оның да өз компаниясы бар. Екі компания бөлек жұмыс істейді. «Жаңа жасыл технологиялар» деген компания мал азығын өсіретін гидропониялық құрал-жабдықтар шығарып, оны сатады. Ал Диастың компаниясы былтырғы жылдың аяғында ашылды. Диас Назарбаев Университетінде, ҚБТУ-да жұмыс істеген білікті маман. Шеффилд университетінде химия мамандығы бойынша білім алып келген. Өзі де бұрыннан осындай технологияға қызығады екен. Сол екеуміз білімдерімізді біріктірдік. Мен өз жағымнан құрал-жабдықтармен бөлістім, техникалық тұрғыдан. Ол өз тарапынан өсімдікті өсіру технологиясы жағынан көмектесіп жатыр. Осылайша бір-бірімізді толықтырып келеміз десек болады. Қазіргі кезде біз Қарағанды қаласында аумағы 400 шаршы метр болатын жылыжай салып жатырмыз. Ол жерде аэропоникалық құрал-жабдықтар орнатылған. Сол жерде ол құрылғылар арқылы күніне 30 келі шөп өндіріп, оны Астана қаласындағы мейрамханаларға таратамыз. Алғашқы нәтижелері қыркүйек айында бой көрсетіп қалады деп үміттеніп отырмыз. Егер бәрі сәтті басталатын болса, онда өзіміздің және инвесторларымыздың жоспары бойынша Қазақстанның әр қаласында осындай жылыжай пайда болмақ. Бұл жылыжайлардың ерекшелігі сол, ол – адам, су, электр ресурстарын үнемдейді. Ал мұндай жылыжай не үшін керек? Осы жағын тарқатайын. Қазіргі таңда біздің еліміздің мейрамханаларындағы қолданылатын шөптердің 80 пайызын Израиль мемлекеті әкеледі. Олар айдаладан алып келеді, орта жолда транспортировкасы, салығы бар, соның өзінде біреуінің өзі 3 жарым мың теңгеге сатылады. Біздің басты мақсатымыз шеттен келетін импортты азайту, өзіміздің өнімдерді қолжетімді ету және әр қаланың жанында кішкентай жылыжайлар салу. Бірақ, бұл жылыжайлар көп орын алмайды. Және біз ол жерде бастысы суды үнемдейміз. Аэропоникалық әдістің тиімділігі сол, ол жерде су тұманға айналады. Сөйтіп өсімдіктердің тамырларына тұман ретінде барады. Тұманның артықшылығы, су секілді тамшыламайды, оны бөшкенің ішіне жіберетін болсаңыз, соның ішін толық қамтып шығады. Өсімдікке қажетті заттектердің барлығы сол тұман арқылы жеткізіліп тұрмақ. Мұндада топырақ қолданылмайды.

Сонда топырақты немен алмастырдыңдар? Ол зат өсімдікке қажетті қоректі толық жеткізе ала ма?

Топырақтың орнына қойылатын субстракт деген зат тұман арқылы келген пайдалы заттарды өзіне сіңіріп алып, өсімдіктің дәні мен тамырына жолдайды. Мұндай жылыжайды ТМД бойынша біз бірінші болып қолға алып жатырмыз. Ол жерде руккола, базилик, шпинат деген өсімдіктер өсіріледі. Болашақта бұл жылыжайда құлпынай мен қызылша өсірсек пе деген ойымыз бар. Біз бұл арқылы су, ток энергиясын, адам ресурстарын үнемдей аламыз. Өйткені, мұндай жылыжайды қарау үшін бір адам жеткілікті. Себебі бүкіл процестер электроника арқылы басқарылады. Егер іші ыстық болып кетсе, арнайы терезе қақпашалары өздері ашылады, салқындату керек болса да өзі іске қосылады, сондай-ақ, жылыжайдың ішінде температураны түсіру үшін де тұман қолданылады. Қазіргі менің алған патентім де «гидропондық, аэропондық әдістерді автоматизациялау» деп аталады. Яғни, жоғарыда айтып отырған жұмыс процестерін автоматизация жасайды. Және бұл өсімдіктер кәдімгі топырақта өскен өсімдіктерден құнарлылығы жағынан кем түспейді. Ал бізде топырақ жоқ болғандықтан, өсімдіктер де ауырмайды. Топыраққа өсірген кезде оған жақын жүрген неше түрлі паразитті өлтіру үшін түрлі дәрілерді себеді. Ол топырақ арқылы өсімдікке де сіңіріліп кетеді. Ал біз болсақ ешқандай химикат қолданбаймыз. Топырақ дегеніміз не? Топырақ дегеніміз өсімдіктің тамырын ұстап тұрады. Оның құрамында керекті макро, микро элементтер – азот, калий, кальций, магний бар. Жаңбыр жауғанда немесе су құйғанда бұл аталған заттар ериді де, өсімдіктің тамырына барады. Ал біз сол процесті басқаша жүргізіп, сол топырақтың құрамында бар элементтерді өсімдікке бірден беріп жатырмыз.

Керемет екен. Ал бұл жылыжайда өсіп шыққан өнімдерді қайда және кімдерге ұсынасыздар?

Біз жылыжайда өскен өнімдерді тек мейрамханаларға ғана ұсынамыз. Астана қаласында 1900, ал Алматыда 3800 мейрамхана бар. Олар күнделікті кем дегенде 10 келі жасыл шөп қолданады. Ал біздің жылыжайымыз күніне 30 келі шөп өсіреді. Ал жоспар бойынша 2018 жылы біз бұл көрсеткішті осы шаршы аумақпен 200 келіге дейін жеткіземіз. Жерді де, техниканы да көбейтпей көп өнім алуға мүмкіндік аламыз. Себебі технология бойынша шөп жоғары қарай және шетке қарай өсетін болады. Ертеңгі күні мұндай жылыжайлар әр қаланың жанында болатын болса, онда шет елден мейрамхана шөптерін тасудың еш қажеті болмай қалады.

Әзірге айналысып жатқан шаруаңыз осы ғой. Сосын, жаңа Диас екеуміз екі компания ретінде екі жобамен айналысып жатырмын деп қалдыңыз. Құпия болмаса, екінші жоба не жайлы?

Қазір «Жасыл Марс» деген жобамен айналысып жатырмыз. Әйгілі Илон Масктың ағасы осындай біздің технология бойынша жабық контейнерде өсімдік өсірумен айналысады. Яғни, жабық контейнерді алып, сонда аэропонды жабдықтарды орнату арқылы күннің көзімен өсімдіктер өсіреді. Сонда ертеңгі күні ғарышқа ұшса да, Марсқа барса да өсімдіктер оның ішінде өсе береді. Марстың тартылыс күші біздің Жермен бірдей десе де болады. Және де онда су ресурстарын үнемдеу керек, себебі Марста су жоқ немесе тым аз мөлшерде. Сондықтан біз жасап отырған автоматикалық аэропондық құрал-жабдықтар осыған нағыз сәйкес келеді. Сол себепті біз қазір Алматыда ҚазҰУ қалашығының ішінде осындай эксперименттерімізді жасап жатырмыз. Контейнердің жан-жағы шыныдан жасалған. Төбесі ашық. Мұны ертеңгі күні ғарышқа алып барсаңыз да, өсе береді. Бұл жобаға «Жасыл Марс» деген атау бердік, ал Қарағандыдағы жылыжайдың атауы «Жылыжай 30*30» деп аталады. «30» санын қолдануымыздың себебі ол жерде 30 аэропоникалық құрылғы бар, және күніне ол жылыжай 30 келі шөп өндіреді.

838c91fdd3fcc6de018cd2f2c6067a1c

Жақында Италияда кітабыңның тұсаукесерін жасап келіпсіз. Кітап жазуға не түрткі болды?

Әлеуметтік желі арқылы жастар да, үлкен кісілер де жиі жазып жатады. Біразы ақшам жоқ, бірақ бизнес ашқым келеді дейді. Енді бірі ақшам бар, бірақ бизнестің қай саласына баруды таңдай алмай жүрмін дейді. Бірқатары туыстарыммен бірге бизнес ашсам қалай болады дейді, әйтеуір күн сайын қойылатын сауалдар легі еш толастамайтын. Сосын біртіндеп интернет сайттарына блог жүргізе бастадым. Жеке парақшамда да түсіндіріп жазып отыратынмын. Бірақ, олардың барлығы астына түсіп кетеді де, адамдар қайтадан қайталап сұрай береді. Сосын барып неге қазірге дейін көрген-білгенімді кітап қылып жазбасқа деген ой келді. Жақында Италияның Турин қаласында кітаптың тұсаукесері жасалды. Ал Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қыркүйек айында басылып шығады.

Ақжігіт Қазбек
Тағы да оқыңыз:
Талқылау