Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда наразылық білдірген саяжай тұрғындары тас жолды жауып тастады

Жиналған халық су басқан үйі мен дүние-мүлкі үшін қандай да бір  өтемақы төленуін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: mgorod.kz

Орал қаласындағы бірінші және екінші саяжай тұрғындары наразылық акциясына шықты. Олар жауып тастаған жолда (Оралдан Ақсай мен Орынборға, Самара-Шымкент тас жолына шығатын жол) кептеліс пайда болды. Саяжай тұрғындары су басқан үйлері үшін өтемақы сұрайды. Өйткені олардың көбі үшін бұл – жалғыз баспана. Ағын су олардың үйін ғана емес, дүние-мүлкін түгел басып қалған. Олар әкімнің келуін талап етті.

"Шеттегі тұрғындарға өтемақы төленіп жатыр деп естідік, ал біз саяжай тұрғындарымыз. Олар бізге мүлдем қарағысы келмейді. Өзіміз неше күн бойы жұмыс істеп, қазып, кезекшілік атқардық. Үйлеріміз шатырға дейін су астында қалды. Иә, бізге эвакуация қажет екенін ескертіп, айтты. Мен эвакуациялық орталыққа бара алмайтындықтан пәтер жалдадым. Үш балам бар, екеуі мүгедек. Бір қызымның жарақаты ашық, жүрегіне ота жасалған. Мен оны тексеруге апаруым керек, бірақ ол мүмкін емес. Бар ақшам пәтер жалдауға жұмсалды", – деді саяжай тұрғыны Бақтыгүл Құрманғазиева.

Фото: mgorod.kz

Бар дүние-мүлкі су астында қалған тұрғындар енді қайда барып тұрамыз деп налиды.

Тұрғындардың айтуынша қарғын су ағыны кеше түнде келген. Құзырлы органдардың ешқайсысы оқиға орнында болмаған.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жағдайдың ауыр екенін мойындайды.

Фото: mgorod.kz

"Халық алдағы уақытта қалай болады деп алаңдайды. Алдымен 100 АЕК көлемінде өтемақы төлейміз, комиссия құрылып, шығынды есептейді. Мамырдың басында жиналып, талқылаймыз. Бірақ заң аясында өтемақы төлей алмасақ та, демеушілік бола ма, әйтеуір тығырықтан шығудың жолын іздейміз. Қазір су көп. Біз қаланы құтқаруымыз керек. Содан кейін мәселені шешу жолын қарастырамыз. Бірде-бір тұрғынның көмексіз қалмауын қамтамасыз етуге тырысамыз", – деді ол.

Бұған дейін Орал әкімі Миржан Сатқанов Ресейден үлкен су ағыны келе жатқанын ескертіп, үндеу жасағанын хабарладық. 

Талқылау