Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында көпқабатты пәтердегі өрттен көз жұмған балалардың анасы ауруханада жан тапсырды

Атырау облысының Индер ауданындағы бес қабатты үйде өрт болып, екі бала көз жұмды. Артынан ауруханаға түскен олардың анасы жан тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото pexels-тен

Қайғылы оқиға 25 сәуірде сағат 6:00 шамасында бес қабатты үйдің екінші қабаттағы пәтерінде болған. Өрт сөндірушілер жатын бөлмесінен 10 және 7 жастағы екі баланың денесін тапты.

Балалардың анасы мен 30 жастағы ер адам ес-түссіз күйде жансақтау бөліміне жеткізілген. 

Алайда Атырау облысының Денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі 26 сәуірде сағат 3:30-да жансақтау бөліміндегі балалардың анасы да қайтыс болғанын хабарлады. Әйел терісі 90-95% күйіп қалған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалады.

Ал ер адам Индер аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Оның жағдайы орташа ауыр ретінде бағаланады.

Өрт қойып, балалардың өліміне себеп болды деген күдікті сол күні ұсталған еді. Полицейлер сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. 

Талқылау