Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше миллиондар аударылып жатқанда неге күдіктенбеген": ЦентрКредит Банкі қызметкерінің клиенттерінен 240 миллион теңгені қалай жымқырғаны белгілі болды

Журналист Михаил Козачков желідегі парақшасында "ЦентрКредит Банк" АҚ бөлімше директорының орынбасары болып жұмыс істеген Арслан Әжметов клиенттерден 240 миллион теңге жымқырып, 6 жылға сотталғанын жазды. Алайда бұл іске одан бөлек, тағы ұйымдасқан топтың бары айтылғанымен, оларға құзырлы органдар шара қолданбаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: yandex.ru

"Таяуда Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты былтыр ЦентрКредит Банкі директорының орынбасары болып жұмыс істеген 26 жастағы Арслан Әжметовке қатысты үкім шығарды. Небәрі 2 айдың ішінде ол клиенттердің шотынан 240 миллион теңгені жымқырып үлгерген. Белгілі болғандай, Әжметов пен оның сыбайластыры бір схема бойынша әрекет еткен. Олар WhatsApp арқылы банк менеджерлеріне есептік жазбаға байланысты сенімді нөмірді өзгертуді сұраған хабарламалар жіберіп отырған. Одан кейін клиенттердің тек қолданбадағы құпия сөзді өзгертіп, басқа адамдардың ақшасын пайдалану ғана қалған еді", – деді журналист.

Козачковтың сөзінше, айласын асырғандар төлемді басқа шотқа аударып, кейін оны криптовалютаға ауыстырған. 

"Бірақ алаяқтар ақпаратты қайдан алды? Ол ЦентрКредит Банкі бөлімше директорының орынбасары болып жұмыс істеген кезінде банктік базалардың қалай құрастылғанын түсінді. Содан кейін ол тұтынушылар тізіміне дәл қай қызметкерлердің қол жеткізе алатынын анықтайды. Тергеушілердің айтуынша, Арслан көмекшілері арқылы әріптестерінен жеке деректерді сатып алып отырған", – деді Михаил Козачков.

Сыбайластар бірінші тәжірибесін банктен зейнетақы алып жүрген әйелден бастайды. Зейнеткер ақша алуға өзі келіп, бір бөлігін қолма-қол алып қалғанын депозитке салған. Егде жастағы әйел 6 миллион теңгеге жуық қаржыны жинап үлгерген.

"Әжметов банк жүйесіндегі жеке тіркеу туралы жазбасынан (учетная запись) зейнеткердің сенімдік нөмірін ауыстырып, клиенттің шотына қашықтан қол жеткізген. Содан кейін Арсланның сыбайласы ақшаны интернет арқылы басқа шотқа аударып, сол жерден Binance биржасына аударған. Арслан сол уақытта банкте күмәнді транзакцияларға ерекше бақылау жоқ екенін түсініп, жымысқы әрекетін бірнеше күннен кейін қайта жасауды ойлайды. Осылайша, Әжметовтың әріптесі Алуа Балтабекова банк менеджері Қарабаеваға WhatsApp-тан клиенттің сенімді нөмірін өзгертуді сұрап жазған. Менеджер одан көмек сұрағандай болып, кодты өзіне жіберуді сұрады. Бұдан кейін айлакерлер қосымша арқылы клиенттің шотына қол жеткізіп, бір күннің ішінде түрлі адамға шамамен 18 миллион теңге аударған. Назар аударыңыз! Банк тағы ешкімнен күдіктенбеген", – деді журналист Михаил Козачков.

Әжметов пен оның көмекшілері бұл немқұрайлылықты пайдаланып, клиенттің шотынан тағы 200 мың еуро аударып алған.

"Схема жұмыс істейтін болып шықты. Келесі күні банктің басқа менеджеріне шетелде тұратын клиент қоңырау шалып, шотқа байланысты нөмірді өзгертіп беруді сұраған. Әлгі шетелдік "клиент" Әжметовпен байланысы бар жігіттер болып шықты. Өтініштегі құпия сөзді өзгерту арқылы олар басқа біреудің депозитіне кіріп, бірнеше күннің ішінде 90 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлап кеткен. Мұнда да банк тағы ештеңе байқамай қалған көрінеді. Алаяқтар төртінші жәбірленушіден 1,6 миллион теңгені ұрлап үлгерді", – делінген жазбада.

Олар мұнымен қоймай Францияда тұратын бесінші жәбірленушінің 23 миллион теңгеге жуық ақшасын жымқырған.

"Бірақ алданған клиенттер қосымшаға кіре алмайтындарын байқап, олар банктің қауіпсіздік қызметіне хабарласа бастаған. Артынша полицияға арыз берген. Бұл істің түсініксіз тұсы бар. Неге екені белгісіз, құқық қорғау органдары ақшаны жоғалтуға тек Әжметовтің қатысы бар деген қорытындыға келіп, ол 6 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ қандай да бір себептермен басқа тұлғаларға қатысты тергеу қылмыстық топтың алдын ала сөз байласуы анық болғанымен, жеке өндіріс бойынша тергелген", – деді қоғам белсендісі.

Бұл іске қатысты судья Кәмшат Саурова, тіпті, жеке-жеке төрт қаулы шығарған. Бірінші қаулыда ол құқық қорғау органдары Әжметовтың үш сыбайласы – Балтабекова, Кочев және Хабилге қатысты процессуалдық шешім қабылдауы керек деп санайды.

"Екіншіден, тергеушілер жүйеде клиент нөмірін негізсіз өзгерткен банк басшыларының қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруі керек. Үшіншіден, ЦентрКредит Банкінің тағы үш қызметкері банк құпиясымен қорғалған деректерді сыртқа таратып сатқан. Осылайша, алаяқтар клиенттердің шоттары мен телефон нөмірлеріне қол жеткізген.  Жеке деректерді таратқан саудагерлері де қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс"

Артынша судья Кәмшат Саурова Ұлттық банкке жұмысына салғырт қарағаны үшін төртінші қаулы шығарды. Онда "ЦентрКредит Банк" клиенттердің ақшасын қадағаламайтынын және үлкен сомада ұрлыққа жол бергенін хабарлады.

"Менің ойымша, депозиттерді қай жерден тез арада алып кету керектігін біліп тұрсыз", – деді журналист Михаил Козачков.

Осыған орай банктің баспасөз қызметіне хабарласып, істің анық-қанығын сұрап көрдік.

"Банк ЦентрКредитінің антифрод бөлімі алаяқтық әрекеттерін анықтады. Мұны ескере келе, банк сотқа талап-арыз жолдап, заңнамада белгіленген тәртіппен өз мүддесін қорғап отыр. Жақында сот отырысы аяқталып, қылмыскерге қатысты үкім шығарылды. Банк барлық міндеттемелердің шарттарын толығымен орындайды. Қазіргі уақытта клиенттерге қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар банк аталған оқиғаға байланысты болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін өз процестері мен жүйесіне өзгерістер енгізгенін хабарлаймыз", – деп жауап берді ЦентрКредит Банкінің баспасөз қызметі.
Талқылау