Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында екі адамның өліміне кінәлі шенеуніктер ешқандай жазаға тартылмайтын болды

Қарағанды облыстық сотының алқасы су тасқыны кезінде көз жұмған екі адамның өліміне жауапты деп мойындалған тұрғын үй-коммуналдық шаруашлықтар басқармасының, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдарының бұрынғы басшысы Абайділдә Санаубаров пен «Қарағанды жолдары» ЖШС жол пайдалану басқармасының №1 филиалының басшысы Боранбай Әбжановты толықтай ақтаудан бас тартты.

Қарағанды облысында екі адамның өліміне кінәлі шенеуніктер ешқандай жазаға тартылмайтын болды

Бұл туралы Liter газетіне сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қайғылы оқиға 2015 жылы мамырда орын алған. Өңірде қар еруінің салдарынан Бұхар жырау ауданындағы өзеннің су деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыған. Тіпті, су Қарағанды-Ботақара жолының бірнеше метр аумағын шайып кетіпті. Салдарынан жолда тереңдігі алты метр болатын шұңқыр пайда болып, суға толған. Өз кезегіндде жол қызметтері жүргізушілерге қауіп туралы ескертетін белгілерді орнатуды ұмытып кетіпті.

Мұнан кейін ауыл тұрғыны қараңғы уақытта шұңқырды байқамай, көлігімен шұңқырға түсіп кеткен. Ол көлігінен шығып, шұңқырдан аман шыға алған. Туыстары оны үйіне алып кеткеннен кейін, ер адам көлігін шұңқырдан шығарудың амалын іздей бастапты.

Сол оқиғадан екі күн өткеннен кейін жолдағы шұңқырға тағы бір көлік құлап кетіп, салдарынан ішінде болған екі ер адам батып кеткен. Олар күзет фирмасының қызметкері Жансейіт Ақтаев пен оның жүргізушісі болып шықты. Сол күні олар ауылға бара жатқан екен.

Артынша Жансейіт Ақтаевтың әйелі оны үш күн бойы ауруханалар мен мәйітханалардан іздестірген. Ал жергілікті тұрғыннан жолдың бір бөлігін тасқын суы шайып кеткенін естігеннен кейін, сол жерге барып қайтуды жөн көріпті. Ол сол жерге сүңгуірлерде шақыртқан. Өз кезегінде сүңгуірлер шұңқырдан көлікте жатқан екі адамның денесін тапқан.

Абайділдә Санаубаров пен Боранбай Әбжанов тергеу кезінде кепілмен жүрген. Бұхар жырау аудандық соты экс-шенеуніктердің кінәлі екенін танығанымен, жазасын түрмеде өтеуден босатыпты.

Ал сот төрайымы Жанна Нұрсалинованың сөзінше, бұрынғы шенеунік ҚК 371-бабына (Салғырттық) сәйкес салғырттық танытқан. Ал жеке меншік жол компаниясының бұрынғы басшысы ҚК 353-бабы 4-бөлімі ( Жол, құрылыс және басқа да ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын және жолдар мен жол құрылыстарын, олардың жабдықтарын пайдалануға, сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастыруға жауапты адамдардың көлiкте қолданылатын тәртiпті сақтау және жол жүрісі қауiпсiздiгi қағидаларын бұзуы арқылы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша кінәлі деп танылды. Сот төрағасы олардың әрқайсына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда мерзімі өтіп кеткендіктен, олар жазасын өтеуден босатылды.

Екі адамның өліміне кінәлі тұлғалар түрмеде бір күн отырмаса да, өздерін толықтай ақтап алғысы келеді. Олар осы мақсатта облыстық сотқа шағымданған.

Өз кезегінде Қарағанды облыстық сотының алқасы оларды толықтай ақтаудан бас тартты.

«Абайділдә Санаубаров пен Боранбай Әбжановқа қатысты үкім заңды әрі негізді болып табылады. Аппеляциялық шағымды қанағаттандырудан бас тартылады», – дейді Қарағанды облыстық сотының төрағасы Қайыркен Төлеуов.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Талқылау