Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Билік басына келуді аңсаймыз": Партия басшылары сайлауға қызу дайындалып жатыр

Шетелде болған дипломаттар президент сайлауына түсе алады. Бір емес, бірнеше құзырлы органның өкілдері бүгін осындай мәлімдеме жасады. Әділет вице-министрі мен мәжіліс төрағасының орынбасары "Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдегі қызметі сайлауға түсуіне кедергі бола ма?" деген сұраққа жауап берді.

Жамбыл Ахметбеков

Фото: time.kz

Екі жылға жуық Женевада жүрген оның сайлауға қатысуға толық құқы бар екен. Ал, еліміздегі басқа да саяси партиялардың басшылары бұл маңызды саяси науқаннан шет қалмаймыз деп білектерін сыбанып отыр, деп хабарлайды Евразия бірінші арнасына сілтеген Stan.kz.

"Саяси партия болған соң билік басына келуді аңсаймыз ғой", - дейді Жамбыл Ахметбеков.

Бұған дейін сайлауға түсіп дәніккен Жамбыл Ахметбековтің президент болудан әлі де дәмесі зор. Тек партияластары ұсынса болғаны. Барлығы 26 сәуірде өтетін Қазақстан коммунистік халық партиясының съезінде белгілі болады. Әзірге, 3-4 үміткер бар екен.  

"Менің тәжірибем бар. Егер съезде делегаттар мүмкіншілігіңіз бар десе, қарсы тұруға, бас тартуға құқығым жоқ", - дейді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты. ҚКХП мүшесі Жамбыл Ахметбек. 

Костюміне қос төсбелгі таққан коммунист Қоңыров та кетәрі емес. Сайлауға түспеймін деп айта алмады. 

-Сізді ұсынса түсер ме едіңіз?

-Білмеймін, көреміз.

Заң бойынша президенттіктен үмітті адам соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұруы тиіс. Ал, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы БҰҰ Еуропалық бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Мәжілістің вице-спикері Гүлмина Исимбаеваның айтуынша, Тоқаев та басқа дипломаттар сияқты сайлауға қатыса алады. Себебі ел аумағынан тысқары қызмет ету жұмыс сапары болып саналғандықтан, шетелде жұмыс істеуге жатпайды екен. Ал "Нұр Отан" партиясынан кімдер кандидат болуы мүмкін. Нұрлан Нығматулин сайлауға түсе ме деген сауал қызықтырды тілшілерді. 

-Сіз төрағамен жақынырақ сөйлесесіз ғой. Ол кісінің өзінің кандидатурасын ұсынатын ой бар ма, жоқ па?  

-Маған өз басшым жайында жауап беру қиын. Ол жерде партия ұсынғанымен, тұлғаның өзінің де шешімі керек, деді ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева. 

Сәуір айы - съездердің айы болғалы тұр. Елімізде 6 саяси партия бар. «Нұр Отан» мен «Ақжол», «Қазақстан Коммунистік халық партиясының» мүшелеріне қарағанда қалғандары аса белсенді емес. Бар-жоғын да жұрт білмеуі мүмкін. 

Талқылау