Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бапкері: Ниджатты Әзірбайжан құрамасына қайта шақырды, бірақ ол Қазақстанды таңдады

Риода Қазақстан құрамасына алғашқы алтынды алып келген ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов Әзірбайжан құрамасына қайта барудан бас тартты.

20160811171834

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Иә, Ниджатқа Әзірбайжан құрамасына қайта оралу туралы ұсыныс жасалған болатын. Әйтсе де спортшы Олимпиада чемпионы атану үшін мақсатты түрде біздің құраманы таңдады. Әзірбайжанмен салыстырғанда біздің елімізде ауыр атлетика мектебі жақсы дамыған. Ниджаттың алдағы уақытта Қазақстанда қалып, біздің елдің намысын қорғайтыны сөзсіз. Ол әлі жас, жеңістің бәрі алда. Ол әлем біріншіліктеріне де, Азия ойындарына да, Токиодағы Олимпиада ойындарына да қатысады», – деді ҚР ауыр атлетика құрамасының мемлекеттік бапкері Меңдіхан Тапсыр.

«Біз 100 пайызға сенімді едік. Ниджат біздің үкілеген үмітіміз еді және ол үмітті ақтады. Жұлқи көтеруде алдына жан салмайтын спортшы әлем рекордын 4 килограмға жаңалады. Олимпиада ойындарының лайықты әрі таза жеңімпазы», – деп жалғады сөзін бапкер.

Оның сөзінше, спортшыны қолдау үшін Риоға оның әкесі аттанған.

Ниджат Рахимов 1993 жылдың 13 тамызында Бакуде дүниеге келген. 2010 жылдың мамырында Испанияда өткен жастар арасында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Ниджат 290 келіні бағындырып, бірінші орын алған. Сол жылдың тамыз айында Сингапурде өткен Жазғы ойындарда жеңімпаз атанып, 2013 жылы Перуде өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдені қанжығаға байлады.

2014 жылдың тамызында Әзірбайжанның 18 спортшысы допинг дауына қалған соң, Ниджат Қазақстан азаматтығын алды. Оның себебін спортшының әкесі Али Рагимов Әзірбайжан құрамасында тәртіптің жоқтығымен түсіндірді.

Қазақстан құрамасының атынан өнер көрсеткен спортшы 2015 жылы әлем чемпионы, ал 2016 жылы Олимпиада чемпионы атанды.

Қазақстандық зілтемірші Ниджат Рахимов Рио Олимпиадасында алтын медальді олжалаған еді.

Жіберіп алмаңыз:

Әкесі: Әзірбайжаннан кеткенде Ниджатты ешкім тоқтатпады, оның тағдыры жерлестерін қызықтырмады

Ауыр атлет Ниджат Рахимов марапаттау рәсімінде жылап жіберді

Фото: Рио Олимпиадасындағы қазақстандық спортшыларының жеңісті сәті

Президент спортшылардың Олимпиададағы алтын жүлделерін жоғары бағалады

Талқылау