Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа жылды Тәуелсіздік күніне дейін тойламаймыз деген шенеуніктер жаңажылдық байқау жариялады

Астана әкімі жалған сөйледі ме? Жаңа жылды Тәуелсіздік күніне дейін тойламаймыз деп ақталғанын қайдам, өздері жаңа жылдық байқау өткізіп жатыр. Ол ол ма, жеке меншік мекемелер мерекені тойлау науқанын үдетіп, маңайын безендіріп тастады.

Осыған байланысты бірқатар депутаттар ашуланып, тұрғындар оған бөлінетін жүздеген млн-дарға наразылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Евразия арнасы.

“Біз сурет арқылы тұрғындарға сәл де болса жаңажылдық көңіл-күй сыйлағымыз келеді”, – дейді Сарыарқа аудандық әкімдігінің аппарат жетекшісі міндетін атқарушы Данияр Байғараев.

Мерекеге арнап, фотобайқау жариялаған Сарыарқа ауданы әкімдігіндегілердің басты мақсаты осы болып шықты. Шара 5 желтоқсанда басталған. Талабы жаңа жылдық шыршамен сэлфи, отшашу жанында, аяз атамен, ақша қармен түскен сурет деп жалғаса береді. Жалпы Григориян күнтізбесімен атап өтілетін мерекені қалт жібермейтін қаладағы сауда үйлері де құдды бір безендіруден жарысқа түсіп жатқандай. Келер жылды күтуге асыққандар, тіпті Тәуелсіздік күнін елеп-ескерер емес.

«Біз енді жекеменшік мекемелерге барып, ешқандай бұйрық бермейміз. Дегенмен, түсіндіру жұмыстарын жасау тапсырмалары аудан әкімдері мен кәсіпкерлікті қолдау басқармасына берілді. Астана қаласының әкімдігінің бастауымен 18 желтоқсаннан бастап, жаңа жылға дайындық қаланы безендіру жұмыстарына кірісеміз» – Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

“Тәуелсіздік мейрамынан бұрын мемлекеттік мекемелер келер жылды тойлауға дайындалмайды” деп қала әкімінің өзі мәлімдеме жасаса да, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелер Исекешовтың сөзін елер емес. Білгендерін істеуде.

«Осы жаңа жылдың тасасында біздің ең ұлы мерекеміз сан мыңдаған жылдар бабаларымыз аңсаған, бірақ жете алмаған, осы жолда басын тіккен біздің небір ұлыларымыз жете алмаған бір арманды мереке тәуелсіздік мерекесі жаңа жылдың тасасында қалып жатыр» – қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жылда бұл мәселе айтылады. Бірақ, өкінішке орай, сол күйінде қалады.

«1 айдан астам жаңа жылдың кезеңінде Италияның Милан қаласында болдым. Сонда 1 ғана шыршаның бой түзеп тұрғанын көрдім. Даурығып жатқан ешкім жоқ. Біз өзіміз тойшыл халықпыз ғой. Бірақ, өзім тойшылдықтан ойшылдыққа жол берсек» – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.

Даурығудың көкесі Еуропада емес, біздің елде болып тұр. Келер жылды кемсітпей қарсы алу үшін қаланы қызылды-жасылды әшекеймен безендіру, шыршаның шырайлысын, қымбатын алу, өзгеден асып түсу, өзгермейтін әдетке айналған. Өскемендіктер қарашаның ортасында-ақ 25 метрлік шыршаны орталық алаңға қойып үлгерді. Ақтаулықтар биыл шаһарды безендіруге 14 млн теңге бөлген. Қарағандылық 60 млн жұмсаса, Атыраулықтар 89 млн теңге бөліпті. Алматылықтар болса, 630 млн теңгені аямаған.«Бұл қаражатты өте үлкен деп ойлаймын. Оны басқа да халықтың керегіне жұмсауға болады», «Қаланың әдемілігі үшін әрине ақша бөліну керек. Бірақ, енді сондай үлкен соммада емес деп ойлаймын», «Келесі жылға нәрселер қолданылса, сондайға мен келісемін жақсы болады ғой»,«Білмеймін, біз үшін қаланы әдемі етіп көру үшін ғой. Болды», «Қызықтырмайды ол бізді» деген пікірде халық.

Петропавлдықтар биыл мерекеге 1 тиын да бөлмейміз дейді. Былтырдан қалған ойыншықтар мен шыршаларды пайдаланып, болмаса демеушілерді жұмылдырамыз деп отыр.

Сондай-ақ, биыл өңірлердің басым бөлігінде жаңа жылдық шырша тек 18 желтоқсанда салтанатты түрде жағылмақ.


Тағы оқыңыз: 16 желтоқсан тәуелсіздік күні туралы мәлімет

Талқылау