Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда өзін энергетикпін деп заңсыз ақша жинайтын алаяқтар көбейген

Абайлаңыз алаяқтар! Алматыда тұтынушылардан заңсыз ақша жинайтын топ пайда болды. «АлматыЭнергоСбыт» мекемесінің атын жамылған олар түрлі сылтау айтып, дүкен қожайындарын тақырға отырғызып кеткен. Мәселен, соңғы бір айдың өзінде дәл осындай он дерек тіркеліпті. Алайда ешкім тәртіп сақшыларына шағымданбаған. Сондықтан электр қуатымен қамтамасыз етуші мекеме қызметкерлері кәсіпкерлер мен тұрғындарды әккі қулардың құрығына түсіп қалмауға шақыруда, – деп хабарлайды ктк арнасы.

6c632a95-3891-4e3e-b05d-e9f7f1083fec

Жан-жағына жалтақтай қарап, дүкенге кірген мына азамат Ольга Букрееваны сан соқтырып кете жаздаған. Қызметтік куәлігін көрсетіп өзін «АлматыЭнергоСбыт» мекемесінің қызметкерімін деп таныстырған алаяқ дүкендегі жарықты өшіруге келгенін айтыпты. Яғни желілерде ақау шығып, төрт күн бойы электр қуаты болмайды деп бөскен. Ал ақша берсе, мәселенің оңай шешілетінін айтқан.

«Ол меннен 15 мың теңге сұрады. Яғни, ақшаны бүгін берсеңіз, бастықпен бөлісіп, жарықты өшірмейміз деді. Мен осыдан кейін бірден тиісті мекемеге хабарласып, ешқандай желіде апат болмағанын анықтадым. Ал алаяқ бірден ізін суытып үлгерді», – дейді дүкен қожайыны Ольга Букреева.

Осыдан кейін әлгі азамат бұл дүкенге мүлдем жоламаған. Есесіне басқа кәсіпкерлерді тақырға отырғызып кетіпті. Яғни соңғы бір айдың ішінде «АлматыЭнергСбыт» мекемесіне оншақты дүкен қожайынынан шағым түскен. Барлығында да алаяқтар түрлі себеп айтып, кәсіпкерлерден жеті мың мен 20 мың теңге аралығында ақша алыпты. Тіпті жалған хаттама толтырып, түбіртек берген. Алайда жарыққа жауапты мекеме қызметкерлері ешқашан қолма қол ақша алмайтындарын айтып отыр.

«Барлық төлемдер интернет-банкинг, касса болсын жүреді. Қолма қол ақша сұрауға «АлматыЭнергоСбыт» қызметкерлерінің құқысы жоқ. Сәуірде көбейіп кетті мұндай жағдайлар. Осы мамыр басталғалы тағы басталды. Бұрын 7-8 мың сұраса қазір 15 мың сұрайтын болды», – Алматы Энергокешені», – дейді АҚ баспасөз хатшысы Жандарбек Қатпабаев.

Алайда алданғандардың бірде бірі полицияға шағымданбаған. Сондықтан әзірге оңай олжа көздегендердің айы оңынан туып тұр. Ал «АлматыЭнергоСбыт» мекемесі бұл жерде тұтынушыларды сақ болуға шақырумен ғана шектеле алады.

Талқылау