Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында асфальт төсеп жүрген жұмысшыларға ашуланып, ескерту жасаған шендінің видеосы қызу талқыға түсті

Алматы облысының әкімдігі шенеуніктің жолға асфальт төсеп жатқан жұмысшыларға ұрысқаны түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Желіде шенеунік қолына күрек алып, жолды қазып, жұмысшылардың қателерін көрсеткені түсірілген видео тарады. Алматы облысы әкімдігі оқиғаның Көкпек - Кеген - Түп тас жолында болғанын айтты.

"Алматы облысы Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев республикалық маңызы бар Көкпек – Кеген – Түп тас жолының 53-68 шақырымы аралығындағы учаскедегі жөндеудің сапасын тексерді. Тексеру нәтижесінде жұмыстардың  қанағаттанарлықсыз атқарылып жатқаны анықталды", – делінген хабарламада.

Мердігерге шара қолдану туралы "ҚазАвтоЖол" басшылығына ескерту жасалды. Сондай-ақ мердігер компания өкіліне облыстық мемлекеттік құрылыс инспекциясынан шара қолдану жөнінде тапсырма берілді.



Ұзындығы 215 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары сапа бағасы бойынша учаскелерге бөлінген:

жақсы және қанағаттанарлық – 56 пайыз;

жөндеуді қажет ететін – 44 пайыз.

Қазір "РСУ-1" ЖШС республикалық маңызы бар жолдағы жөндеу жұмыстарына кепілдік міндеттемесі бойынша жұмыстарды атқарып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысында Кербұлақ ауданындағы Малайсары ауылы маңындағы жөндеу сапасыз өтіп, тасқын су жолды шайып кеткенін хабарлаған едік. 

Талқылау