Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда төрт жасар бүлдіршін дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды

Өйткені, ақ халаттылар кішкентай Богданға дер кезінде диагноз қоя алмаған көрінеді. Баланың аяғы ісіп, кіші дәретінен қан кеткенде ғана ауруханаға қабылдады дейді ашынған ана. Ал, аурухана басшылығы қашанғыдай өздеріне шаң жуытқан жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.

богдан 4 жасар

Ұлынан айрылып, қара жамылған бұл келіншектің енді дәрігерлерге сенгісі жоқ. Осыдан он күн бұрын шауып жүрген төрт жасар Богданының үстіне қызыл жара қаптайды. Артынша қызуы көтеріліпті. Шақырған жедел жәрдемдегілер балаларда жиі кездесетін желшешек екенін айтып жөндеріне кеткен. Олар жазып берген дәріден шипа болмаған соң 3 күн қатарынан учаскелік педиатрдан бастап, балалар ауруханасына дейін барыпты. Тек бүлдіршіннің дерті дендегенде дәрігерлер мойын бұрды дейді анасы.

«Кіші дәретінен қанды көріп шошыдық. Үшінші күні аяғы ісіп тұра алмай қалды. Оны жалынып жүріп ауруханаға жатқызғанымызбен, жарасын таңатын дәке де таба алмай сандалды. Бәрін үйден жеткіздік», – дейді Богданның анасы Александра Емельянова.

Шетінеген бүлдіршіннің туыстары дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағанына сенімді. Өйткені алғашқыда хирург баланың аяқ-қолы ісіп, денесі қызаратын тілме деген дерт болуы мүмкін деп болжапты.

«Тілмемен ауырғанда Вишневский майын қолдануға болмайды екен. Ал хирург болса іскен аяқты сонымен ысқыла деді бізге. Ауруды осы май қоздыратынын қалай білмеген?» – дейді Богданның нағашысы Андрей Емельянов.

Баланы емдеуге әзер алған жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері өздеріне шаң жуытпай отыр. Дегенмен, өлімнің нақты себебін түсіндіре алмады.

«Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Енді бала өлімінің неден болғанын тек сараптама көрсетеді. Соның қортындысын күтеміз», – дейді Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Маржан Мұхаметова.

Қара жамылған отбасы дәрігерлер мен аурухана басшыларына қатысты Ішкі істер департаментіне арыз түсірген. Енді олар жедел жәрдемнен бастап жаппай тексеру жүргізбекші.

Жіберіп алмаңыз:

ШҚО-да әлеуметтік желіге суретін жүктеген мемлекеттік қызметкер жазаланды

Бақытты азаматтар әйелін ұратын жігіттерге кеңес берді

Павлодарлық жігіт полицейдің көлігінің үстіне шығып алып селфи жасады

Қазақстанда қандай қылмыстар үшін азаматтықтан айыруы мүмкін

Талқылау