Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында зорлау фактісімен арыз жазамыз деп ақша бопсалаған топ сотталды

қызды қорқытқанФото: depositphotos.com

Жетісу облысында әлеуметтік желілер арқылы танысып, азаматтарды "арыз жазамыз" деп қорқытып бопсалаған Талдықорған қаласының тоғыз тұрғыны сот үкімімен кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жетісу облысында интернет-таныстық арқылы азаматтарды бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекеті әшкереленіп, Талдықорған қаласының тоғыз тұрғыны сотталды.

Жетісу облысының прокуратурасы сотта ұзақ уақыт бойы психологиялық қысым мен қорқыту тәсілдерін қолданған қылмыстық топтың кінәсін дәлелдеді.

Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы наурызға дейін өңір аумағында азаматтарды бопсалаумен айналысқан топ әрекет еткен. Қаскүнемдер әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін түрлі сылтаумен оларды өз үйлеріне шақырған.

Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделген. Күдіктілер жәбірленушілерді "зорлау фактісі бойынша полицияға арыз береміз" деп қорқытып, мәселені реттеу үшін ірі көлемде ақша талап еткен. Әрбір қатысушы алдын ала бөлінген рөлдер бойынша әрекет етіп, азаматтарға жүйелі түрде қысым көрсеткен.

Құқыққа қайшы әрекеттер әшкереленгеннен кейін аталған тұлғалар ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қылмыстық іс сотқа жолданды. 2026 жылғы 30 қаңтарда Талдықорған қалалық соты үкімімен айыпталушылар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында бес жыл бойы бір қыз бен оның отбасын интернет арқылы қудалап келген 22 жастағы Сәтбаев тұрғыны ұсталғанын жазған едік. Күдікті жасанды интеллектінің көмегімен жалған интимдік фото-видеолар жасап, оларды жәбірленушінің туыстары мен таныстарына таратқан. Қудалау 2023 жылы қыздың тұрмысқа шығу жоспарына да кері әсер етіп, жалған материалдар күйеу жігіттің отбасына жіберілгеннен кейін құда түсу рәсімі бұзылған. Киберполицияның жедел іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, компьютерлік техникасы тәркіленді.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Ақпан, 2026 10:48