"Зорлап, видеоға түсірген": Шымкентте 21 және 15 жастағы әпкелі-сіңлі өздеріне қол салып, ауруханаға түскен
НеМолчи қоры Шымкент ауруханасының қызметкері ауруханаға өзіне қол салмақ болған екі қыздың түскенін мәлімдеді. Сөзінше, олар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Қаскөйлердің ішінде полиция қызметкері бар көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
НеМолчи қорының хабарлауынша, 30 шілдеде 21 және 15 жастағы әпкелі-сіңлілер Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының токсикология бөліміне түскен. Сондағы қызметкердің сөзінше, олар өздеріне қол салмақ болыпты.
“Қыздарды зорлап, видеоға түсірген екен. Біреуге айтса, видеоны таратамыз деп қорқытқан. Қаскөйлердің ішінде полицей де бар. Қыздар арыз жазды және олармен психолог жұмыс істеп жатыр. Олар әлі ауруханада жатыр”, – делінген хатта.
Дерек бойынша олар 4 ай бұрын зорлаған. Кейін тағы да зорламақ болғанда қыздар шыдамай, өздеріне қол салды.
Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі бұл іске күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің бұрынғы бақылаушысы екенін хабарлаймыз", – деп хабарлады полиция.
Алайда басқа ақпаратты беруден бас тартты.